Қостанай облысында ауызсу тарифі тым жоғары

  • 78
  • 26.08.2025, 18:42

Қостанай облысының Красносельский ауылында ауызсу тарифі тым жоғары. Жергілікті тұрғындар тіршілік нәрінің әр текше метріне ай сайын 1 мың 420 тенге төлейді. Көпшілігі бау-бақша егуді де қойған.

Екі жыл бұрын Красносельский ауылына жаңа су құбыры тартылғанда тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. Бастапқыда судың әр текше метріне төлем ақысы 918 тенге деп белгілегенде де бәрі үнсіз көнді. Ал осы жылдың сәуір айынан тариф 1 мың 420 тенгеге көтерілгенде ауыл жұрты абдырап қалды. 

Владимир Закатов, Красносельский ауылының тұрғыны:

-Целинный көшесінде менің қызым тұрады. Жалғызбасты ана, екі баласы бар. Оларды күнара шомылдырады. Сол қызым суға осы айда 25 мың тенге төледі. 

Красносельский тұрғындарының дені бақша егуді де қойған. Ауыл қырда тұрғандықтан құдық, ұңғыма қазудың машақаты көп. Ал келіп тұрған судың құны қалта қағады. 

Сәуле Мұқанова, Красносельский ауылының тұрғыны:

-Мысалы, 7 бала болса, 7 баланың киімін жуу оңай емес қой. Бір адамның киімін жуғанның өзінде біраз су кетеді. Бақшаны енді еге алмадық, судың қымбаттылығына байланысты. Аздап-аздап, шағындап ектік.   

Өзіндік құны қымбатқа түсетін ауызсу тарифінің белгілі бір бөлігін екі жыл бойы құбырды салған мердігер төлеп келіпті. Яғни биылғы сәуір айына дейін 918 теңге ұсталып тұрған. Сосын ауызсу желісі Бейімбет Майлин ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсырылғаннан кейін, баға шарықтап кеткен. Ендігі бар үміт субсидияда. 

Донас Жақсылықов, Бейімбет Майлин ауданының ТКШ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы:

-Осы жұма күні алдыңғы аптаның техникалық аудитін жасадық обьекті мен сооружениялардың Красносельский водопроводтың. Қазіргі таңда құжаттары дайын. Ол субсидия дегенде бір-екі күнде бітетін шаруа емес.  

«Егер субсидия мәселесі шешілсе, Красносельский ауылының тұрғындары ауызсудың текше метріне 100 теңге шамасында төлейтін болады»,– дейді әкімдіктегілер. 

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров