Ақтөбедегі Жаңақоныс шағынауданында жол жоқ. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені талай рет көтеріп, жауапты мекемелерге хат жазған. «Бірақ баяғы жартас, сол жартас күйінде»,– дейді. Ол аздай, кей көшелерде жөндеу жұмыстары созбалаңға салынған. Бұған не себеп?
Ақтөбедегі Жаңақоныс шағынауданындағы жолдардың жағдайы сын көтермейді. «Көшелер ойдым-ойдым, көлік түгілі жаяу жүру мүмкін емес», – дейді тұрғындар. Бұл жолы олар тағы да жиналып, айта-айта жауыр болған мәселені қайта көтерді.
Есентүгел Әбішев, қала тұрғыны:
-Мына біздің халықтың мәселесі осы Жаңақоныс ауданы Ақтөбе қаласымен бірге өсіп-өніп келе жатқан аудан. Сол ауданның ішінде бір жол жоқ. Бір жол жоқ. Не жаяу жүретін жол жоқ, не көлік жүретін жол жоқ. Осы халықтың мұң-мұқтажын пәленбай жылдан бері айтып келе жатырмыз. Ешкім ескермейді.
Шағынауданда 14 мың адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша, осы күнге дейін 46 көшенің некен-саяғы ғана асфальтталған. Ал Абай көшесіндегі жөндеу жұмыстары сол күйі аяқталмай тұр.
Жұмағұл Дүйісов, қала тұрғыны:
-Осы мынау қазіргі Абай көшесі былтыр екі жылдан бері осылай жатыр. Астын қазды, щебенін төкті артын жасамай кетті. Әкімшіліктегілердің барлығының уәдесі «ертең, енді салайын деп жатырмыз». Оның өзінде де 6 айдан асып кетті. Ешқандай адам келіп жатқан жоқ.
Жауапты мамандардың айтуынша, Едіге батыр даңғылына шығатын Абай көшесін жөндеуге 960 млн теңге бөлінген. Оған жарықтандыру мен суағарлар да қарастырылған. Бірақ мердігер ұйымның тірлігі мардымсыз болып шықты.
Әліби Аманшиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Жұмыстар қазір баяу жүруіне немесе тоқтап қалуына байланысты біздер ескертпе хат жолдадық. Егер де сол мерзімде жұмыстарын, қызметтерін жандандырып, әрі қарай жалғастырмаса, біздер олармен сотқа беріп, әрі қарай шартты бұзатын боламыз.
Мамандардың айтуынша, биыл шағынаудан бойынша екі-ақ көше жөнделеді. Қалғанына қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков