Биыл Қазақстан Конституциясына 30 жыл толады

  • 81
  • 26.08.2025, 18:44

Елдің заңға деген сенімі  мемлекеттің іргетасы. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама соның айғағы. 8 мыңнан аса адамның 76% астамы Ата Заңның мазмұны мен ережелерін жақсы біледі. Зерттеу Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі мегаполистермен қатар тағы 17 қалада жүргізілді.

1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция жаңа мемлекеттің мызғымас іргетасы болды. Содан бері Ата Заңға бірнеше рет түзету енгізілді. «Бұл өзгерістер қоғамдағы сұраныс пен уақыт талабынан туындаған»,– дейді заңгерлер. 

Қазыбек Дәуітәлі, Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы, заңгер:

-Конституцияның қабылдануы Тәуелсіздіктің жариялануымен қатар жүретін тарихи құбылыс. Екінші Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямызға бүгін міне биыл 30 жыл толып отыр. Бұған осы күні 9 өзгерістер мен толықтырулар енді. Мұның соңғы бесеуі Қ. К. Тоқаев Президент болған тұста іске асып отыр.  

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтардың басым бөлігі Ата Заңды тек заңдар жинағы емес, құқық пен бостандықтың кепілі ретінде қабылдайды. Зерттеуге қатысушылардың едәуір бөлігі үшін ең маңызды тұстардың бірі жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы. Бұл қоғамның заңға деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

-Үштікке кірген үшінші бастама, ол жаңағы өзіміз білетін Конституциялық соттың қайта құрылуы. Яғни оған 23,7% халық осыны маңызды реформа деп атады. Яғни біз осындай жаңағыдай сауалнама арқылы жалпы халықтың тарапынан әлі де осы 3 жыл бойы жүзеге асқан Конституциялық реформаның негізгі нәтижесін әлі де бақылап, қадағалап, әлі соған мән беретіндігін көрдік. 

Ата Заңды дәріптеу қағаздағы баптарды жаттаумен шектелмейді. Сонымен қатар ұрпақ бойына құқықтық мәдениет қалыптастыруды да көздейді. Осы орайда заңгерлер бастауыш сыныптардан бастап құқық негізін оқыту мәселесін көтерді. Өйткені құқығын білген халық ұтылмайды, заңын құрметтеген ел азбайды. 

Сапар Бақытжанұлы, қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілі, заңгер:

-Мектеп деңгейінде құқық негіздері пәнін тек қана 9-сыныпта емес, 10-сыныпта сонымен қатар төменгі сыныптарда да осы құқық негіздерін оқыту қажеттілігін бүгін айтылып жатыр. Себебі халық өзінің құқықтары мен заңды білген сайын біздің мемлекеттің құқықтың мәдениетін де қалыптастыруға мүмкіндік болады деп ойлаймын.  

30 жыл ішінде Конституция қоғамды ұйыстыратын темірқазыққа айналды. Сарапшылардың айтуынша, оның ең үлкен құндылығы әрбір азаматтың құқығын қорғауында. Ал халықтың санасында ол әділет пен теңдіктің айнымас өлшемі болып қалуы қажет.

Алуа Ералықызы, Эдуард Кон