«Таза Қазақстан»: Талдықорғанда 39 үйдің шатыры ауыстырылады

  • 21
  • 28.08.2025, 18:30

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктермен қатар ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Биыл бұл мақсатқа 19 млрд теңге бөлінген. Қаражатқа инфрақұрылымдық желілер тартылып, арықтар жөнделеді. Сонымен қатар көпқабатты ескі үйлердің шатыры мен қасбеті жаңартылып жатыр.

Талдықорғанның қақ ортасында орналасқан мына үй 1960 жылдардың соңында салынған. Содан бері баспанаға жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Жаңбыр жауған сайын су сорғалайтын шұрық тесік шатырды құрылысшылар ауыстыра бастады. 

Асхат Сабазов, мердігер:

- Бұрынғы шатырдың түрі осындай болған. Қазіргі кезде ауыстыру барысында балкалар мен страпилаларды күшейтіп жатырмыз, обрешетканы ауыстырып, карнизді жөндеп жатырмыз. Осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. 

Биыл қаладағы 39 үйдің шатыры жаңартылуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін 17 баспанада құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындардың көкейкесті мәселесі өз шешімін тапты. 

Майра Тойжанова, қала тұрғыны:

- Қазіргі таңда бәрі жақсы. Су ақпайды. Жақсы жасалынған. Енді жақсы болды. Кісілердің бәрі риза. 

Акция шеңберінде көпқабатты үйлердің қасбеттері де боялып жатыр. Қалада мұндай жұмыстар алғаш рет қолға алынып отыр.

Қуаныш Сейтімбетов, қала әкімінің орынбасары:

- Ұлан шағынауданындағы 20 үйдің қасбетін жөндейтін боламыз. Сонымен қатар бізде 39 ауланың абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін аулаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Былтырғы жылдан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Жетісу облысында биыл 77 үйдің шатыры ауыстырылып, 33 баспананың қасбеті жаңартылады. Сонымен қатар 80-нен аса ойын алаңы мен аулалар жөнделіп, саябақтар абаттандырылатын болады. 

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов