Соңғы 30 жылда елде тұзданған жер көлемі 30% көбейді

  • 42
  • 27.08.2025, 18:39

Соңғы 30 жылда елде тұзданған жер көлемі 30% көбейген. Топырақтың құнарлығы тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде кеміп жатыр. Жер тұзданып, эрозияға ұшырай беретін болса, азық-түлік сапасына тікелей әсер етеді. 
Осы мәселе Алматыда Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған халықаралық конференцияда қаралды. Оған 10-ға жуық мемлекеттен 200-ден аса сарапшы мен ауыл шаруашылық саласының өкілдері қатысты. 

Елімізде жыл өткен сайын топырақтың құнарлығы төмендеп барады. Осыдан 50 жыл бұрын мал азығы, астық, жеміс-жидек, көкөніс аса құнарлы жерден алынатын. «Соған орай сапасы да жоғары еді. Ал қазір тыңайтқышсыз өнім алу мүмкін емес»,– дейді ғалымдар. Мамандардың айтуынша, топырақ қабатының нашарлауына себеп көп. Оған бірінші кезекте климаттың өзгеруі әсер етіп отыр. 

Самат Тәңірбергенов, «Қазақ топырақтану және агрохимия» ҒЗИ басқарма төрағасының орынбасары :

-Антропогендік факторлардың әсері, шаруаларымыз осы жердің иегерлері дұрыс пайданланбауынан және басқа да себептері көп. Оған климаттың өзгеруін қосыңыз. Топырақтың құнарлығының төмендеуінің бір себебі монокультураларды еге беру, бір культураны еге беру арқасынан, ол жерге қажетті тыңайтқыштарды бермеуі себебінен, агротехникалық талаптарды сақтамауынан осындай себептерге алып келеді.

Соңғы кезде әсіресе Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстарында тұзданған сурамалы жерлер көбейген. Мұндай жерде өсімдік өспейді. «Сондақтан жаңа технология керек. Біздің ғалымдар тұқымды өңдеп барып себу керек»,– дейді. Ал Қытайда жерді сордан арылту үшін сексеуіл, соршөп пен мияны егеді. Мұны бізде де қолданады. Бірақ жаппай емес.  

Джан Юанмин, Синьцзян Экология және география институтының директоры /ҚХР/:

-Біз осы өсімдіктерді Шыңжан өлкесінде ектік. Нәтижесі жаман емес. 2-3 жылда топырақ құрамының жақсарғанын байқадық. Оған қоса тамшылатып суғару әдісін пайдаланған жөн. Осы екі технологияны біріктіріп қолданатын болсақ айтарлықтай көрсеткішке жетуге болады. Қазақстан мен Қытайдың ауа райы мен табиғаты ұқсас. Сондықтан ғалымдарымыз бұл бағытта бірігіп жұмыс істегені дұрыс.

Академик Теміржан Айтбаев ең алдымен «Топырақты қорғау туралы заң жобасын» тездетіп қабылдау қажет»,– дейді. «Сонда жер пайдаланушыларды яғни бағбанды, диқанды, шаруаны бақылауға алып, олардың не сеуіп, қандай дәрі пайдаланғанын қадағалауға болады»,– дейді.

Теміржан Айтбаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ басқарма төрағасы:

-Бүгінгі таңда кешігіп жатырмыз. Көп жыл кешігіп қалдық. Бұл заң кешіктіруді күтпейді. Бар нәрсе жерден басталады. Жер деген тіршіліктің көзі топырақтың құнарлығы тіршілік нәрі. Азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз, егер топыраққа назар аудармасақ. Біздің елдің азық-түлік қауіпсіздігі еліміздің болашағы. Топырақтың құнарлығы оның сапасынан басталады.

Тозған жерге тыңайтқыш бере бергеннен топырақ ластана түседі. Егіншіліктің органикалық түріне ауысқан жөн. Бізде жаңа технологиялар жоқ емес. Бірақ оны әлі де жетілдіре түсу қажет. Қаржыландыру мәселесі тағы бар. Салаға мамандар тарту керек. Әзірге «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов