Биыл Қостанай облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 22 процентке азайды. «Бұл халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту сияқты іс-шаралардың нәтижесі», – дейді жауаптылар. Отбасының кірісі ұлғайған соң, жәрдемақы төлемі тоқтатылады. Нәтижесінде биыл жергілікті бюджет қаржысынан 181 миллион теңге үнемделген.
Дария Махамбетова, 5 баланың анасы. Мамандығы – мұғалім. Сарыкөл ауылының тұрғыны биыл жаңа кәсіп бастаған. Үй жағдайында иіс сабын жасайды. Балалардың ойыншығы, кәдесый түріндегі, жөкесімен қосақталған сабындарға сұраныс бар деп отыр.
Дария Махамбетова, Сарыкөл ауылының тұрғыны:
- Ауылда тұрсақ та, келіп жатыр адамдар. Бар, оны мысалы үлкен реклама бермесем де, сол статусқа салам, инстаграмға салам, соны адамдар көріп, өздері келіп жатыр тапсырыс жасауға. Енді біз ақырындап Каспииге шығып жатырмыз.
Дария Махамбетова қолы үйреніп, машықтанып алған соң, бизнес жобасын жасап, мемлекеттік грант ұтып алды. Енді қасына көмекші алып, кәсібін кеңейтсем деген ойы бар. «Талпынған адамға ауылда да табыс табуға болады», – дейді кәсіпкер.
- Мемлекет көптеген бағдарламаны беріп отыр. Мысалы, мынау тұрған үйдің өзін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы алғам үкіметтен. Енді бизнес, кәсіп бастауға да мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, бұл кәсіпті үкіметке қарамай-ақ та бастай беруге болатынына көзім жетті одан кейін барып.
Жалпы Сарыкөл ауданында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны былтырға қарағанда екі есе азайған.
Ораз Өтетілеуов, Сарыкөл аудандық мансап орталығының басшысы:
- Былтыр ауданда 80 адам атаулы әлеуметтік көмек алған еді. Биыл 38. Біздің негізгі мақсат – еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік жасау. 12 тұрғынды кәсіби қайта даярлау курсынан өткіздік. Олардың барлығы бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылды.
Биыл облыстық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке 1 миллиард 300 миллион теңге қаралған. Ақшалай төлем алатындардың тізімі тоқсан сайын жаңартылып отырады. 1-ші қарашадағы мәліметке сүйенсек, өңірде 1350 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу құқығына ие. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22 процентке аз.
Динара Аужанова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергендердің 131-і жұмыссыз екендігі анықталды. 790 адамның жұмысы болғанымен, жан басына шаққандағы айлық табысы кедейлік шегінен төмен болды. Солардың жартысы қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға тартылды. 283 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 9 адам қайта даярлау курсына жіберілді.
Айта кетелік, мансап орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналасқандардың жағдайы бақылауда болады. Міндетті зейнетақы жарнасы, басқа әлеуметтік төлемдері ақпараттық жүйе арқылы тексеріліп отырады.