Парламент реформаларының нәтижесінде заң шығару жұмыстары жанданды

  • 22
  • 28.08.2025, 18:38

Ықпалды Парламент. Бұл үш жыл бұрынғы саяси реформаның бір бағыты. Біз осы заң шығарушы биліктің қызметіне тоқталайық. Сегізінші шақырылым депутаттарының құрамы айтарлықтай жаңарды. Парламентте жастар мен әйелдердің қатары артты. Олар ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, қажетті заңдардың қабылдануына септігін тигізіп келеді. Кейбіріне өздері бастамашы болып жүр. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, қарызсыз қоғамды қалыптастыру, ойын бизнесі мен букмекерлік кеңселер қызметін реттеу. Қоғамды алаңдатқан, әбден қордаланып қалған осы мәселелердің бәрін қазіргі Парламент құрамы заңмен реттеп берді. Депутаттардың қазір белсенді бола бастағанын сарапшылар да айтып отыр. Парламенттің өз ішінде кәсіби бәскелестік қалыптасқан.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Реформалар өзінің оң нәтижесін берді деп айтуға болады. Мұны біз сандық нәтижеден де көре аламыз. Парламентке енген партиялардың саны артты. Бір мандаттық округтан сайлану қазір мүмкіндігі бар. Осы реформалар Парламентке халықтың нақты ойын, пікірін жеткізетін азаматтардың келуіне мүмкіндік жасап отыр.

Саяси реформалардың маңыздылығы Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында да талқыланды. Оның жұмысына Армения, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мен Тайвань елдерінің құқық саласындағы өкілдері де қатысты.

Дулат Құсдәулетов, ҚР Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі:

- Парламентті күшейту ол Мәжіліске көп функциялар берілген. Мәжіліске өткенде партиялардың өздерінің бағдарламалары бар. Олар Үкіметтің іс-қимылымен сәйкес болуға тиісті. Сол жағынан қарағанда Парламенттің алдында Үкіметтің жауапкершілігі көбейді.

Айта кетейік, Парламент депутаттары өткен үшінші сессия аясында 90 заң қабылдапты. Оған қоса 3 парламенттік тыңдау, 4 үкімет сағаты, 50-ден астам көшпелі отырыс пен 90-ға жуық дөңгелек үстел өткізілген. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшыларына 400-ден астам депутаттық сауал жолданған. Алдағы уақытта Құрылыс кодексі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банк қызметі туралы заңдарды талқылау жоспарда.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков