15 қыркүйекте «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді

  • 20
  • 28.08.2025, 18:35

Биыл 15-ші қыркүйекте «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа талап бойынша мүлік иелері бірлестігінің төрағалары жалпы жиналыста үш жыл мерзімге сайланып, үй кеңесінің құрамына өтеді. 

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляевамен өткен жиынға халық көп келді. Жиналғандардың дені мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары. 15 қыркүйектен бастап күшіне енетін заң тікелей осы азаматтарға қатысты. Жаңа заңға сәйкес, енді үйлерді басқарудың тек екі түрі қалады. Ол заңды тұлға құрмай тікелей бірлескен басқару және заңды мәртебесі бар мүлік иелерінің бірлестігі. Пәтер иелерінің кооперативтері сақталады, бірақ ол басқару субъектісі ретінде болады. Тағы бір маңызды тұсы мүлік иелері бірлестігі төрағасының өкілеттік мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды.

Ботагөз Смаилова, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Қазіргі таңда үш жылға бекітіліп жатыр. Ол өте жақсы жаңалық деп есептейміз. Яғни демалыс уақыты, демалыс компенсациясы және де ауырып қалған жағдайда «больничный», қазір толық заңға сәйкес біз өзіміздің орнымызды үй кеңесіндегі адамға қолхат қалдырып, сол кісіні өзіміз болмаған уақытқа қалдыруға толық мүмкіндігіміз бар. Заң ретінде толық құқығымыз болып тұр.

«Бұл мүмкіндіктің сұрауы да аз болмайды», - дейді депутат.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Иә, 3 жыл мерзім ішінде ОСИ  төрағасы өз жұмысын тиянақты жоспарлай алатыны анық. Сәйкесінше, мүлік иелері де осы үш  жыл ішінде өз қаржыларының кімге және қайда кеткенін сұрай алады. Есеп берудің де нақты мерзімі бекітілген. Дер кезінде пәтер иелеріне есеп бермеген  төраға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әрбір мүлік иелері бірлестігінің төрағасына ашық әрі заң аясында жұмыс істеуге кеңес берер едім.

Сондай-ақ жыл соңына дейін басқарушы ұйымдардың ұлттық тізімі жасалады. Демек елдегі үйлердің жағдайы мен басқарушы ұйымдар туралы нақты мәлімет алуға мүмкіндік бар. Оған қоса тұрғындар үйін кім басқаратынын, қай ұйым қызмет көрсетіп жатқанын және қайда арыздануға болатынын анық көре алады. «Яғни жаңа заң ашықтыққа бағытталған», -  дейді мамандар.

Алуа Маханбет, Таир Мерекенов