Алаяқтардан зардап шеккендер ақшаларын сотсыз қайтара алады

  • 9
  • 28.08.2025, 18:35

Енді алаяқтардың құрбанына айналғандар ақшаларын жедел қайтарып ала алады. Бұрын ол үшін сот шешімі қажет болған. Бұдан былай алаяқтық белгісі бар транзакциялар бойынша бұғатталған қаражатты прокурордың санкциясымен тергеу органдарына хабарлау арқылы қайтаруға болады.

Бұл жайлы Қазақстан Ұлттық банкі хабарлады. Сондай-ақ Ұлттық Антифрод-орталықта заңсыз операциялар орындаған күдікті төлем карталары мен электрондық әмияндардың дерекқоры құрылады. Былтыр бұл орталықта 80 мыңнан астам жағдай тіркеліп, 3 млрд теңгеге тосқауыл қойылды. Сонымен қатар банктік шоттары алаяқтыққа орай бұғатталған азаматтар зейнетақы, стипендия, жәрдемақы, жалақы сияқты төлемдер мен басқа да ақша аударымдарына қол жетімділік сақталады. Бұл өзгерістер алаяқтықпен тиімді күресуге мүмкіндік бермек. 

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз хатшысы:

- Ұлттық банк Ұлттық Антифрод-орталықтың функционалын кеңейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданғанын хабарлайды. Қаржы ұйымдары күдікті операцияларға сапалы талдау жүргізуі үшін алаяқтық белгісі бар транзакцияларды бұғаттау мерзімі 3 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Антифрод-орталықты дамытудың келесі кезеңі банктік қосымшалардағы күдікті белсенділікті анықтайтын және банкаралық деңгейде күмәнді аударымдарды бұғаттайтын жасанды интеллект технологиясын енгізу болады.