Жамбыл облысында заңсыз спирт өндірген топ ұсталды

  • 16
  • 01.09.2025, 19:30

Жамбыл облысында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан «БМ» ЖШС-гі мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс тергелді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мамандары хабарлады. 

Тергеу деректеріне сәйкес, Сұлтан Махмадовтың басшылығымен әрекет еткен топ Жамбыл облысында этил спиртін жаппай өндіріп, сатып келген. Акцизделетін өнімге олардың лицензиясы болмапты. Қылмысын жасыру үшін биоэтанол мен мал азығына арналған қоспаларды шығарып жатырмыз деп ақталған. Астыртын цехтан шыққан этил спирті Жамбыл облысымен қатар Шығыс Қазақстанға және Шымкент қалаларына жеткізіліп келген.

Айта кету керек, Сұлтан Махмадов 2010 жылы дәл осындай қылмыс жасағаны үшін істі болған еді.  

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде көлеңкелі айналымнан құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді. Сонымен қатар өндірістік база аумағында жүргізілген тінту барысында 18 дана майнинг жабдығы анықталды. Қазіргі уақытта тәркілеу мақсатында 7 автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.