Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 білім ошағы ел игілігіне берілді. Оның төртеуі облыс орталығында, біреуі аудандық жерде ашылды. Барлығында заман талабына сай сапалы білім беруге мүмкіндік жасалған.
Облыс орталығында өсіп-өркендеп келе жатқан шағынаудандардың бірі осы – «Алтын орда». Халық санының артуына байланысты жалпы білім беретін мектепке сұраныс жоғары. Сондықтан «Келешек мектептерінің» бірі осы ауданда бой көтерді.
Бейбарыс Манасұлы, тұрғын:
- Мектептің көлемі үлкен. Ауласы да, жайлы деген атауына сай жақсы мектеп салынды. Бүгін мен ұлымды 6 жасар алып келіп жатырмын.
4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы аумағы 19 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағылар үшін арнайы кабинеттер жасақталған. Химия, физика, биология, информатика пәндік кабинеттері тиісті оқу құралдарымен жабдықталған. Заманауи зертханасы, акт залы, кітапхана мен асхана, түрлі спорт залдары бар. Тіпті қыста мұз айдыны, жазда футбол алаңымен қамтуға болады.
Айсұлу Жақсыбаева, №80 жалпы білім беретін орта мектеп директоры:
- Батыс аймағында орналасқан мектебімізге 1980 оқушы қабылдап жатырмыз. Оның ішінде 362 1-сыныптың бүлдіршіндерін. Мектеп балаға қолайлы, қауіпсіздік және сапалы білім алуға бүкіл жағдай жасалған. Мектептің өзінде 4 спорт алаңы. Ол бағыттарға бөлінген. Бастауышқа өз спорт алаңы, орта буынға бөлек.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 мектеп салу жоспарланған. Оның екеуі биылғы көктемде пайдалануға берілді. Білім күнінде бесеуі ашылды. Жыл соңына дейін 7 білім ошағының құрылысы аяқталмақ.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Жалпы жаңадан ашылған мектептердің қатарында 5 «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған. Оның төртеуі Ақтөбе қаласында. Біреуі Мәртөк ауданында Сарыжар елді мекенінде 300 орынға арналған. Ақтөбе қаласында 2 мың орынға арналған «Алтын орда» тұрғын алабында, «Бауырластар 3», Сазды орта мектебінде жаңа ғимарат 600 орынға арналған және «Саяжай-1» тұрғын алабында 300 орынға арналған.
Жалпы Ақтөбе облысында 190 мыңға жуық оқушы бар. Соның 19 мың 298-і бірінші сыныпқа барды.
Бағдат Бектұрғанқызы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков