1-қыркүйек жаңа оқу жылының бастамасы ғана емес, бірқатар өзгерістер күшіне енетін күн. Мәселен...
Шәкіртақы көтеріледі
Білім қуған жастар үшін бұл ай жағымды жаңалықпен басталмақ. Студенттік стипендия тағы да көтеріледі. Енді бакалаврлар ай сайын 52 мың теңге, педагогикалық бағытта білім алатын студенттер 84 000 теңге алады. Ал магистранттарға 117 мың болса, докторанттарға 262 мың теңге шәкіртақы төленеді.
Зейнетақы тағайындау жеңілдейді
1 қыркүйектен бастап зейнетақы тағайындау рәсімі жеңілдейді. Зейнет жасына жеткен азаматтарға төлемдер енді автоматты түрде тағайындалып, банк шотына түседі. Бұдан былай өтініш жазудың қажеті жоқ. Барлық үдерістер толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, салымшының келісімі де электронды түрде бекітіледі.
Зейнетақы мөлшері жыл сайын автоматты түрде қайта есептеліп отырады. Сонымен қатар жаңа тәртіп бойынша өмірден өткен адамның жақындарына жерлеу шығындары үшін біржолғы төлем беріледі. Оның ең жоғары көлемі – 94 АЕК немесе 369 608 теңге.
Тәртіп бұзғандарға жаңа жаза
Енді отбасында айғай-шу шығарып, көршілердің мазасын алатындар қоғамдық жұмысқа тартылады. Ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға да осындай жаза қолданылады.
Ішкі істер министрлігі мұны тәртіпсіздерді қайта тәрбиелеудің амалы деп отыр. Мәселен, жанұясының мазасын алып, жұбайын қорлағандар мен мас күйде қоғамдық орынға шыққандар 20 сағатқа дейін көше тазалайды. Бұл шара жедел жәрдем мен полицияға жол бермеген жүргізушілерге де қолданылады. Ал балағат сөз айтып, жұртқа тиіскендер 60 сағатқа дейін көше тазалайды. Егер тәртіп бұзу қайталанса, қоғамдық жұмыс уақыты да еселенеді.
Шетелдік жұмысшыларды тарту қиындайды
Бүгіннен бастап шетелдік жұмысшыларға қатысты өзгеріс те күшіне енді. Енді жұмыс берушілер бос жұмыс орнын алдымен Enbek.kz порталына жариялап, қазақстандық мамандарды іздеуі тиіс. Егер 15 күн ішінде лайықты үміткер табылмаса, жұмыс беруші eGov арқылы шетелдік маман тартуға өтініш бере алады. Бұл ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған нақты қадам.
Мобилді аударымдар қадағаланады
1-қыркүйектен бастап мобильді аударымдар да қатаң қадағаланады. Егер үш ай ішінде жеке тұлғаның шотына 1 миллион теңгеден артық ақша аударылса, салық органдары оны тексеруге алады. Бірақ бұл талап туысқандар арасындағы қаржылық көмекке қолданылмайды. Жаңа жүйе қаражат айналымын ашық қылуды көздейді. Сондықтан мамандар коммерциялық қызметпен айналысатын азаматтарды жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуге шақырады.