Түркістан облысындағы дүкен сөрелерінде саудаланып жатқан көкөніс пен бақша өнімдерінің 90 пайызы жергілікті жерде өндіріледі. Жеміс-жидектің 70 пайызы отандық тауар өндірушілердікі. Мамандардың айтуынша, сырттан келетін өнімдерге тәуелділік тек қыс-көктем айларында туындайды. Жергілікті диқандар өсірген өнімін қайда өткізеді? Сауда орындары мен дүкендерде қандай өнімдер сатылып жатыр?
Сауран ауданы Қаражон ауылының тұрғыны Тұрсынхан Төлемісов 15 жылдан бері ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысады. Биыл 10 гектарға қарбыз, 3 гектарға каптоп, 4 гектарға пиязбен сәбіз еккен.
Тұрсынхан Төлемісов, шаруа:
- Өткен жылмен салыстырғанда бақша дақылының биылғы бағасы жақсы болды. Уақытында ерте пісті, есесіне бақшадан 11-12 млн теңгедей таза пайда таптым. Енді өндірілген өнімді мысалы, пияз, сәбіз, картап өндіреміз, егер алушылар табылса, солтүстік облыстарға жібереміз. Ол жақтан алушылар келмесе, өзіміздің Түркістандағы көтерме сауда базарына өткіземіз
Түркістан облысындағы ерте пісетін дақылдардың дені көрші Ресей мемлекеті мен еліміздің солтүстік облыстарға жөнелтіледі. Қалғаны жергілікті дүкендер мен сауда сөрелеріне шығарылады. Сырттан келетін өнімдер де бар. Сатушылар өзімізде өндірілген өнімнің сапасы жақсы болғанымен, сырттан келетін көкөністің сыртқы пішімі біркелкі тегіс болатынын айтады. «Бірақ дәмі жағынан жергілікті дақылға жетпейді», - дейді.
Ақмарал Жұманова, дүкен иесі:
- Қазір енді күз мезгілінде барлығы пісіп жетіліп жатыр ғой. Шабдалыны жергілікті жерден алып жатырмыз. Жан-жағымыздан келіп жатыр. Мына жүзімдер де солай. Алмұртта сондай. Қалғандары сол сырттан келетіні бар. Банан сырттан келеді. Енді біз бағасына қарап аламыз.
Бақытжан Базарбай, дүкен иесі:
- Көкөніс мәселесіне келсек, Сауран, Балтакөл, Шәуілдір, Ынтымақ, Иханнан аламыз. Шаруалардың барлығы Асанбай базарына алып келеді. Дүкені барлардың барлығы сол жерден алады. Өйткені ол жерде таңдап алғанға мүмкіндік бар. Бізде жалпы көкөніс түгелімен оңтүстіктен ғой.
Биыл Түркістан облысының шаруалары 907 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылын екті. Оның ішінде 110 мың гектар алқапта көкөніс пен бақша дақылдары жайқалып тұр.
Мейіржан Жанәділ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- 3,2 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтілуде. Бүгінгі күнге730 мың тоннадан астам көкөніс, 1 млн тоннадан астам бақша, 231мың тоннадан астам картоп өнімдері жиналды.
Бүгінгі күні жиналған бақша өнімінің 124 мың тоннасы, ал көкөніс дақылдарының 90 мың тоннасы алыс-жақын елдерге экспортқа шығарылды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш