Мектеп асханаларында жаңа тамақтану стандарты енгізілді

  • 73
  • 03.09.2025, 19:50

Елімізде жаңа оқу жылынан бастап мектепте тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Енді білім беру ұйымдарындағы ас мәзірінде тұз, қант көп қосылған өнімдер мен фаст-фуд қолданылмайды. Мұндай стандарттың енгізілуіне не себеп болды? Енді балалар қандай тағамдар тұтынады? 

Құралай Жұмахан, тілші:

- 1 қыркүйектен бастап мектепте фаст-фуд, пицца-гамбургерлер, тәтті сусындар, кремі бар кондитерлік өнімдерді сатуға тыйым салынды. Оның орнына құрамы неғұрлым дәруменге бай тағамдар ұсынылады. Жеміс-жидек пен көкөністер көптеп қолданылмақ. Сусын ретінде балалар сүт, компот және ит мұрынаннан жасалған сусындар ішуі қажет. 

Балалар тамақ ішіп отыр

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қантты тұтынуды 3,6 есеге, 5 есеге дейін азайтуды және сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқада үлгілік ас мәзірі әзірленді. Алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын мектептерге арналған мәзір жасалынды. 

Қазақ тағамтану академиясы, ЮНИСЕФ өкілдері мен құзырлы министрлік  бірлесе отырып дайындаған стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи әрі халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген. Тағы бір ерекшелігі – мәзірде құрт, қоспадан бастап қазақтың ұлттық тағамдары да бар.  Жаңа мәзірді әзірлеудің бір себебі – соңғы жылдары балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілеп кетуі.

Дамира Нұран, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау көмитетінің бас сарапшысы:

- Өткен жылы Қазақ тағамтану академиясы министрлікпен 2024-2025 оқу жылдарында қолданылған ас мәзіріне анализ жүргізілді. Бірінші ауысымдағы балалар тек ботқаны алатыны, сары май мен нан алатындығы, екінші ауысымдағы балаларға 1-2-ші тағамдар, салаттар беретіні анықталды. Тағамның құнарлығы жағынан және витаминдер жағынан ақаулар болды. 

Алмагүл Мамина, №85 мектеп-лицейі асханасының меңгерушісі:

- Фаст-фудтар жоқ бізде, бізде іште пісіретін выпечкалар, пирожки, самса, булочкилар. Шұжық, шұжық өнімдері дегенді қолданбаймыз. Жаңа стандарттармен қазір шырынды алып тастады, балаларға шырын ішуге болмайды деп. Біз таза су, компот, каркаде қайнатамыз. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджет есебінен қаржыландырылатын нысандардағы бақылауды күшейту бойынша жаңа тәсілдердің бірі – мектептерге тексеріске барар кездегі алдын ала хабарлаудың алынып тасталуы. Яғни енді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары білім ошағы асханаларын кез келген уақытта ескертусіз барып тексере алады. Қазір заңнамаға тиісті түзетулер Парламент депутаттарының қарауында. Егер ол қабылданса, келесі жылдың ортасынан бастап тексеріс жаңа форматта жүргізіледі. 

Құралай Жұмахан, Болотбек Табалдиев