Алматы облысындағы «Көшпенділер қалашығы» «Қазақфильм» меншігінен алынып, Қонаев қаласының балансына өтті. Енді нысанға қалалық түрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі иелік етеді. Қазір қалашыққа апаратын тасжол төселіп жатыр.
20 жыл бұрын қалашықта «Көшпенділер» фильмі түсірілді. Кинокартина прокатқа шыққаннан кейін, бұл жер туристер келетін орынға айналды. Алайда саз балшықтан тұрғызылғандықтан тез ескіріп, бастапқы келбетін жоғалтты. Жан-жағы күл-қоқысқа тола бастады. Келіссөздер нәтижесінде «Қазақфильм» декорациялық кешенді Қонаев қалалық әкімдігінің балансына өткізді.
Ақерке Жұмағазықызы, Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі таңда «Көшпенділер қалашығын» Қонаев қаласының меншігіне алдық. Ол біздің меншікке орысша айтқанда сыйға тарту шарты дейді ғой, сыйлыққа берілді. Бұл мекен өзі де туристік аймақ ретінде танымал. Енді одан ары қарай дамыту мақсатында, туризмді Алматы облысының беткеұстар бір аймағы ретінде дамыту мақсатында жұмыстар жасалатын болады.
«Көшпенділер қалашығына» ұзындығы 7 шақырымдық тасжол төсеу жұмыстары басталды. Екі жолақты жолдың ұзындығы 7 метр болады және жол жиегі түгелдей жарықтандырылады. Жол құрылысы биыл аяқталады.
Дина Төлепберген, журналист:
- Жалпы суретке түсу үшін де, клип түсіру үшін де, жалпы туризм бабымен де мұнда келетіндер өте көп. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қаншама машина. Негізінде жол егер адам ағзасымен айтатын болсақ, ол басты артерия, яғни тамыр. Сондықтан да біз, әрине, осы жолдардың тезірек және сапалы түрде төселуін қалаймыз. Өйткені бұл шығармашылыққа һәм туризмге жол ашар еді.
Қазір аталған нысанды қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр. Болашақта мұнда ғаламтор желісі тартылады. Алматы облыстық цифрлық даму басқармасымен келіссөз жүргізілуде.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов