Өскеменде ерекше балаларға арналған алғашқы мектеп ашылды

  • 17
  • 03.09.2025, 19:59

Елімізде сал ауруына шалдыққан және өзге де күрделі даму ерекшеліктері бар балаларға арналған алғашқы мектеп Өскеменде ашылды. Енді олар өз қатарластарымен бірге білім алып, спортпен айналысып, ой-өрісін дамыта алады. Ең бастысы — оқу тегін.  Мектепте білім алумен қоса оңалту бағдарламалары қатар жүргізіледі.

Шығыс Қазақстан облысында сал ауруы, аутизм сияқты өзге де күрделі диагнозы бар балалардың саны мыңға жуықтайды. Ата-аналар үшін бұл көптен күткен жаңалық. Ерекше балалар алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. 

Лилия Мамбурова, ерекше балаларға арналған мектептің директоры:

- Біз «бейімделмейтін бала жоқ» деген ұстанымдамыз. Балада ауытқулар неғұрлым күрделі болса, соғұрлым түзету мен оңалту шаралары жүйелі әрі қарқынды болуы керек. Мектепте балалар таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін болады. 

Заманауи жабдықталған кабинеттер, арнайы оқу бағдарламасы мен әдістемелердің бәрі ерекше балалардың жағдайына қарай бейімделген. Жеті жастағы Айсұлтан бүгін туған күнінде мектепке барды. Бұған дейін ол жүре де, сөйлей де алмаған. Тұрақты қолдау мен үлкен еңбектің арқасында алғашқы қадамын жасады.

Нұркамал Дүйсіпова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Немерем өте көп қиналды. Ол бала қиналғаннан кейін өзімізге де өте ауыр болды. Түрлі ой бола ма деп біреулерге айта алмадық. Қазір тәуба, міне, жүре бастады кішкене, сөйлейді, ұға бастады бәрін. Жақсы, мен өте қуаныштымын! 

Бұл мектептің ашылуына мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар бастамашы болыпты. Лилия Мамбурова мен Мәдина Әуренова алдымен оңалту орталығын, сосын мектеп ашуға күш салған. Мәдинаның ұлы да бүгін осы мектепке барды. 

Мәдина Әуренова, сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығының директоры:

- Бұл Шығыс Қазақстан өңірінде, тіпті Қазақстанда да бірегей мектептердің бірі. Себебі күрделі кемістігі бар балалармен жұмыс жасайтын мектеп. Бұл сөйлемейтін балалар, бұл отыра алмайтын балалар.  

Бұл инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам. Жобаны іске асыруға мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық серіктестер мен жергілікті тұрғындар да атсалысты. 

Қарлығаш Қасиетова, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов