Елордада Astana Finance Days форумы басталды

  • 10
  • 04.09.2025, 19:54

Астанаға 80 елден 5 мыңнан астам маман жиналды. Себебі еуразиялық аймақтың басты қаржы форумы Astana Finance Days басталды. Іс-шара биыл сегізінші рет өтіп жатыр. Ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Форум аясында инвестициялық келіссөздер мен панельдік сессиялар өтті. Қазақстанға инвестор болуға дайын елдер мен компаниялар да форумда өз ниеттерін білдірген. 

Astana Finance Days форумына 1,5 трлн АҚШ долларын құрайтын активтерді басқаратын компаниялардың өкілдері қатысып жатыр. Бұл Қазақстан мен барша Еуразия өңіріндегі қаржы институттары, бизнес-қауымдастық, мемлекеттік органдар мен сарапшылар үшін ірі алаңы ретіндегі маңызын көрсетеді.

Бүгін форум аясында ондаған сессия өтті. Жетекші инвестициялық менеджерлер энергетика, көлік және цифрлық байланыс салаларына ұзақмерзімді капитал тартудың тиімді жолдарын талқылады. Сонымен қатар кәсіпкер әрі әлемге танымал бестселлерлер кітабының авторы Бретт Кинг жасанды интеллекттің қаржы саласын өзгертіп, болашақты қалай қалыптастыратынын айтты.

Бретт Кинг, кәсіпкер, әлемдік бестселлерлердің авторы:

-
Біз жасанды интеллекттің пайда болуынан бастап климаттық факторлардың ықпалына дейінгі орасан зор өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдік банк саласы цифрлық технологиялардың арқасында терең трансформациядан өтіп жатыр. Автономды жабдықтау тізбектері мен «ақылды» экономикалар мүлде жаңа банктік инфрақұрылымды қажет етеді. Ал 2050 жылы банк секторында ауқымды өзгеріс болады.

Форум барысында бірнеше жаңа келісімге қол қойылды. Мәселен, Астана Халықаралық қаржылық орталығы Қытай, Оман, БАӘ және Сингапур елдерімен жаңа әріптестік байланыстарын бастады.

Алтай Слямов, АХҚО қаржы технологиялары бөлімі директорының міндетін атқарушы:

-
Бірінші – біздің заң жүйеміз. Біз қазір инновациялық салаларға көңіл аударудамыз. FINTECH соның бірі болып табылады. Сол арқылы біз қызықтырамыз. Екінші кезекте, әрине, ағылшын тіліне негізделген заң жүйесінің болуы маңызды. Үшінші кезекті – тәуелсіз соттың болуы. Арбитраждық орталықтың болуы көптеген инвесторларды қызықтырады. Себебі прецеденттік заң жүйесі сол үшін әлдеқайда түсінікті.

Форум ертең де жалғасады. Ол Astana International Forum қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, нақты нәтижелерді бірнеше айдан кейін көреміз.

Диана Қадыр, Қанат Абильдин