Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде жұмыс істейтін кеншілер түгелдей қауіпті газды анықтайтын құрылғымен жабдықталды. Ондағы мәліметтер автоматты түрде тікелей Төтенше жағдайлар департаментіне түсіп отырады. Сонымен қатар қауіптің алдын алу мақсатында шахтаны желдетіп тұратын диаметрі 2,5 метрлік ұңғыма қазылды. Мониторинг пен бақылау жүйелері орнатылды. Төтенше жағдайлар қызметі кәсіпорында ақпан айында болған апаттың салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасатынын айтады. Кен орнында газдың көлемін анықтау мақсатында кешенді зерттеулер жүріп жатыр.
Еске сала кетсек, 17 ақпанда «Жомарт» шахтасында метан газы жиналып, электр жабдықтарының ұшқыны кезінде жарылыс болған еді. Салдарынан 7 адам қаза болды.
Серік Сағидоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Әр кеншінің қолында арнайы құрылғы бар. Ол арқылы біз олардың қай жерде жұмыс істеп жатқанын біліп отырамыз. Алдағы уақытта метан газын анықтайтын қосымша датчиктер орнытылады. Ал ғылыми зерттеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Қазір шахтада кен өндіру қайта жолға қойылды. Дегенмен жартылай шектеу қойылған. Кеншілер қазір апат орын алған жерден 11 шақырым қашықтағы «Жомарт» 2 кен орнында жұмыс істеп жатыр.