Ұлттық медиа қауымдастық жиынында телевизия мәселелері талқыланды

  • 17
  • 05.09.2025, 19:50

Ғаламтордың ықпалы басым қазіргі уақытта дәстүрлі телевизия қалай дамуда? «Ұлттық медиа қауымдастықтың» кезекті жиыны осы тақырыпқа арналды. Былтыр Қазақстанның ірі қалаларында тұратын халықтың 99 проценті кем дегенде бір рет теледидар қосқан, ал 42 проценті көк жәшікті күн сайын тамашалаған. Ұлттық медиа қауымдастықтың зерттеу нәтижесі осындай.

Цифрлық платформалардың қарқынына қарамастан телевизия кең аудиторияны қамтып, негізгі жарнама алаңы ретінде өз орнын сақтап отыр. Телевизия жарнама арқылы «күн көретіні» жасырын емес. Дегенмен бұл салада да өзгерістер боп тұрады. Енді дәрігердің нұсқаулығынсыз қолданылатын дәрілер мен құрамында қанты бар өнімдерді жарнамалауға заң жүзінде шектеу қою туралы ұсыныстар айтылуда. Алайда толықтай тізгіндеуге келмейтін ғаламторға бұл шектеудің қауқары жетпейтіні түсінікті. Ал жарнамадан түсетін табыстан қағылатын теленарық қайтпек? 

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы, ҰМҚ басшысы:

- Теленарығы болсын, радио саласы болсын, басқасы болсын жалпы медиа саласы сол жарнамаларды тоқтатқаннан кейін жұмысын тоқтатса, әрине, бізде ақпараттық ваакум болады. Ұлттық ақпараттық қауіпсіздігімізге әсерін тигізеді. Сондықтан негізінде біздер әрине, жарнама болсын таратқан кезде дұрыс болғанын қалаймыз. Бірақ оны міндетті түрде жүйелі жүргізуміз керек.

Бүгінгі таңда елімізде 223 телеарна тіркелген. Өзара бәсекелестік бар. Көрермен үшін талас байқалады. «Бұл қуанарлық жағдай», - деп атап өтті сарапшылар. Телесаланы мемлекеттік қолдау қолға алынуда. Жекеменшік телеарналардың конкурстық негізде отандық контентті дамытуға қаржы ұтып алуға мүмкіндігі бар.

Анар Мұқатаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры:

- Биыл медиа саладағы өзгерістерді қамтитын жаңа заң жобасын әзірлеп, ұсынамыз. Оның ішінде OTT-сервистерді және онлайн платформаларды реттеу мәселелері қамтылған. Сондай-ақ отандық контентті дамыту мақсатында гранттық қолдау қарастырылған.

Ұлттық медиа қауымдастықтың негізгі бағыттарының бірі – телетамашалау деңгейін зерттеу, анықтау. Осы мақсатта конференцияда мамандар Ресей, Түркия елдерінің тәжірибелерін ортаға салды. 

Ксения Ачкасова, «Медиаскоп» компаниясының атқарушы директоры (Ресей):

- Ресейдің телеөлшем саласындағы тәжірибесі өте ауқымды. 2019 жылы біз өлшем географиясын кеңейте бастадық. Шағын қалалар мен ауыл тұрғындарының пікірін де ескереміз. Бұған дейін тек Ресейдің ірі қалаларын қамтыдық. Аудиторияны зерттеуді пиплметрлер арқылы жүзеге асырамыз – бұл әрбір жұмыс істеп тұрған теледидарға орнатылатын арнайы құрылғы. Зерттеуге қатысатын үй шаруашылықтары кездейсоқ таңдалады.

Ұлттық медиа қауымдастық халықаралық тәжірибе негізінде телетамашалауды өлшеудің ауқымын кеңейтуді қолға алмақ. Енді теледидар көру көрсеткіштері тек бұрынғыдай халқы 100 мыңнан асатын ірі қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендерді де қамтиды. Жүйе биыл қазан айынан бастап сынақтан өтеді. Ал келесі жылдан Қазақстандағы барлық аймақтарда жұмыс істейді. Бұл Қазақстан халқының теледидарды қаншалықты көретінін нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов