Мұнай-газ саласының маманы ел экономикасына үлес қосып жүр

  • 10
  • 05.09.2025, 19:36

Қыркүйектің алғашқы жексенбісі – мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні. Ел экономикасының дамуы үшін тер төгіп жүрген мамандардың еңбегі ерен. Мұнайды бұрғылаудан бастап, оны өңдейтін, кейін дайын өнімді халыққа жеткізумен айналысатын қызметкерлер қашанда құрметке лайық. 

Асқар Ермышев 31 жылын осы зауытқа арнаған білікті маман. Әскерден келгеннен кейін оператордың көмекшісі боп жұмысқа орналасқан ол қазір мұнац өңдеу өндірісінің бастығы. Асқар Ермышевтың ата-анасы да осы зауыттың өркендеуіне үлес қосқан жандар. Әкесі 41 жыл, анасы 31 жыл осы кәсіпорында еңбек етті. Әке жолын жалғап келе жатқан Асқар Рысбайұлы бүгінде зауыттың жүрегі саналатын өндірісте абыройлы қызмет атқаруда.

Асқар Ермышев, Мұнай өңдеу және терең күкіртсіздендіру өндірісінің бастығы

- Біздер мұнайды өңдейміз. Мұнайдан шығаратын бензин, керосин, мазут фракцияларды шығарамыз да, оны «вторичный установкаларға» жібереміз. Оның ішінде «вторичный установкаларда» бензин АИ-92, 95, 98, сосын дизель отынын шығарады жазғы, қысқы. Бәрі Еуро-4, Еуро-5 класстан шығарады. Менікі сол дайындап беру.

Асқар Ермышев өзінен кейінгі жастарға жөн сілтеп, бағыт беріп отырады. Өзі де білікті мамандардан тәлім алғаннан кейін білгенін үйретуден жалыққан емес. Әр қызметкермен етене араласып, табысты еңбек етудің жолын көрсетіп келеді.

Бауыржан Бекешов, Мұнай өңдеу және терең күкіртсіздендіру өндірісі бастығының орынбасары:

- Ол кісі енді осы зауытта көптен бері жұмыс атқарып келе жатыр. Мен ол кісімен жұмыс жасағалы 20 жылдан асты. Өте жақсы тәлімгер. Көптеген жұмыстарды зауытта сол кісінің арқасында үйрендім. Әлі күнге дейін бірге жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазіргі уақытта мен ол кісінің орынбасары болып жұмыс атқарамын.

Ұрпақ сабақтастығын бұзбаған әулеттің үшінші буыны да қазір осы зауытта жұмыс істейді. Асқар Ермышевтың қызы Камила бүгінде инженер-технолог боп еңбек етуде. Ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин