Абай облысында 5 мыңнан аса адам жұмысшы мамандығын меңгереді

  • 52
  • 08.09.2025, 19:50

Абай облысында 5 мыңнан аса адам жұмысшы мамандығын меңгереді. Олар құрылысшы, дәнекерлеуші, токарь болады. Өңірде кәсіптік және техникалық білім беру саласында тың жобалар іске асып жатыр. «Жалпы жұмысшы мамандығына сұраныс артты»,– дейді жауаптылар.

Төлеубек Есіркегенов 2009 жылдан бері өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында бірінші санаттағы оқытушы атанып, жүзден аса студентке тәлім берді. Оның айтуынша, қазір жұмысшы мамандығының мәртебесі артқан. 

Төлеубек Есіркегенов, өндірістік оқыту шебері:

-Біз жұмысшы мамандығын жай жұмысшы мамандығы деп, оны жұмысшы деп қабылдамау керек. Бұл мәртебесі жоғары сондай бір жақсы мамандықтың бірі. Қарап отырсақ, мысалы, біздің мысалы құрылымы бар. Оның әрбір салалары бар. Соның бәрінде қарап отырсақ, біздің жұмысшы мамандықтарындағы білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. 

Қазір колледжде 1400 студент білім алады. Оның жартысы жұмысшы мамандығын таңдаған. Солардың бірі - Нұрасыл Ұлықбек. Ол болашақ аэрофотогеодезист техник.
 
Нұрасыл Ұлықбек, студент:

-Өзім таңдаған геодезия мамандығы мен үшін жай ғана оқу, бағыт емес. Ертең қыр-сырын тануға, кеңістікті өлшеуге, болашақта жоспарлауға мүмкіндік беретін үлкен ғылым. Әлемнің дамуы геодезиясыз есептелмейді. Жол да, көпір де, тіпті ғимараттар да біздің еңбегімізден бастау алады. 

Студенттер колледж шеберханасында тәжірибе жинайды. Бұл жерде олар плитканы кесу, сантехниканы тарту, металл бұйымдарын өңдеу мен кірпіш қалауды үйренеді. Ал үздіктері түрлі деңгейдегі жарысқа қатысады. 

Асқар Мекішев, құрылыс сарапшысы:

-Біздің студенттер аймақтық, облыстық, республикалық деңгейдегі әртүрлі чемпионаттарға, оның ішінде WorldSkills чемпионаттарында жеңімпаз атанып жүр. Бұл тек Республика көлемінде емес біз халықаралық аренада да біздің шәкірттеріміздің жұлдыздары жарқырап жүр. 

Абай облысында 33 колледж бар. Оның 21-і жұмысшы мамандықтарын даярлайды. Биыл кәсіптік және техникалық білім беру саласында бақылау-өлшеу құрылғыларын жөндеу және қызмет көрсету бойынша жаңа мамандық ашылды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ботагөз Дәндібаева, Медет Өмірханов