Alatau City шаһары арнайы мәртебеге ие болады

  • 52
  • 08.09.2025, 19:39

Алматы іргесіндегі Alatau City шаһары Үкіметке тікелей бағынады және арнайы мәртебеге ие болады. Президент бүгінгі Жолдауда Үкіметтің алдына Alatau City-ді аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналдыру міндетін қойды. Ал ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру үшін салаға жасанды интеллектіні енгізу тапсырылды. Жалпы Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында цифрлық өзгерістерге көп тоқталды.

 Alatau City  аумағы 100 мың гектарға жуықтайтын «Alatau» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп келе жатқан болашақтың қаласы әрі халықаралық хаб болуға ұмтылған Қазақстанның стратегиялық жобасы. Мемлекет басшысы енді бұл шаһарға арнайы мәртебе беріп, толықтай цифрланған қалаға айналдыруды тапсырып отыр. Онда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңашылдықтың барлығы енгізілуі керек. Нәтижесінде қала Қазақстанның келешектегі келбетін көрсететін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс. Арнайы құқықтық мәртебе қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн». 

Алатауды болашақтың қаласына айналдырамыз деп жүргенде елдегі өзге шаһарлар мен елді мекендердің мәселесін назардан тыс қалдырмау керек. Президент бұл бағытта да жасанды интеллектіні пайдалануды тапсырды. Енді Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс. Себебі қазір бізде еңбек нарығын, көші-қон мәселесін реттеп, есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. 

Дәл осы жүйесіздіктің кесірінен жұрт ірі қалаларға ағылып, көші-қон үдерісі бақылаусыз қалып жатыр. Салдарынан алып шаһарлардағы халықтың тығыз қоныстануы, кептеліс сынды мәселелер жылдан жылға ушығып барады. Соның бір мысалы Астана. Елордада соңғы 3 жылда халық саны 250 мыңға адамға көбейген. Ресми түрде 1,5 млн халық тіркелгенімен іс жүзінде қаланың инфрақұрылымы 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді. Бұның ақыры қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, халықты жылу, жарық, су мен қамтудың қиындауы сынды мәселелерге әкеп соқтырады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Қазақстанның 20 аймағында 20 түрлі әлеуметтік саясат жүргізіліп жатыр деп мен ашық айта аламын. Мысалы үшін 5 балалы отбасы, біреуі мүгедек 20 облыстан 20 отбасыны шығарып алуға болады. Сосын оларға төленетін төлемнің санын шығаруға болады. Ең көбі Астана, Алматы. Әр аймақта әр түрлі. Ақшасы аз аймақтың азаматтары ақшасы көп аймаққа барып жатыр. 

«Көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылса осындай кем-кетіктің орны толуы тиіс. Оның үстіне Халықтың өңірлерден үдере көшуін тоқтатудың да амалын қарастыру керек»,– деді Президент.

Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн.

Биылғы жолдауда Президент жасанды интеллект пен цифрландыру турасында көп айтты. Себебі заманның талабы сол болып тұр. Тұтас жаһан жұрты супер компьютер деп аталатын ғаламат машинаның көмегімен экономиканың сан саласында адам нанғысыз жетістіктерге жетіп жатыр. Біз де сол көштен қалмауымыз керек. Президент жолдауда экономиканың драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласына осы жасанды интеллектіні енгізудің маңызды екенін атап өтті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық. Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту».

Агросаланы алға сүйрейтін тетіктің бірі ғылымды дамыту. Бірақ мемлекеттің бөлген қыруар қаражатының қайтарымы әлі де төмен. Президент аграрлық ғылымның игілігін көре алмай отырмыз деді. Ветеринария мен фитопатология сынды салалардың кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17% аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40% ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар. Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бердім. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс». 
 
Президент Жолдауда жасанды интеллект, цифрландыру, логистика мен энергетикадан бастап, елде саяси ауқымды өзгеріс жасауға дейінгі мәселені түгел қамтыды. Биылғы жолдаудың басты жаңалығы да Мемлекет басшысының елімізде бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтеруі болса керек. Жоғарғы палатаның елдің саяси өміріндегі салмағы басым. Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жүрген парламенттік реформа мәселесін біржақты қылып, референдумға шығаруды жөн санаса керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым».

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Реформа бұл тек Сенатты конституциядан алып тастау емес. Үкімет, Президент және Парламенттің құзіреттерін де өзгерту керек болады. Заң өткізу процедуралары да өзгеруі керек. Партиялардың да рөлін өзгерту жөнінде ойлану керек. Сайлау қалай болады? Партиялық тізім қалай ұсынылады? Заңға қосымша бір инструменттерді кіргізу керек бола ма? 

«Келер жылы бір палаталы Парламентке көшу мәселесі қызу талқыдан өтіп, референдумда халық бастаманы қолдап жатса, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн»,– деді Президент. Демек бұл Партиялар арасындағы бәсекені қыздыра түседі деген сөз.