Қарағандыда су және кәріз құбыры 80% тозған

  • 25
  • 08.09.2025, 19:56

Әбден ескірген инженерлік желілер кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Биыл сумен жабдықтаушы компания «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында 30 көшеде жаңғырту жұмысын жүргізуде. Олар негізінен жиі ақау шыққан учаскелер.

Қарағандыда соңғы бес жылда әбден тозған су құбырларында жүзден астам ақау шыққан. «Инженерлік желілерді кешенді түрде жаңартпаса жағдай тіпті күрделенеді»,– дейді мамандар. Мысалы, Қасым Аманжолов көшесіндегі 1200 метр металл құбыр түгел шіріп кеткен. Оның орнына ұзақ мерзімге жарамды пластик құбыр салып жатыр. Мұнда жерді қазбай, көлденең бұрғылау әдісі қолданылуда. 

Сергей Фрик, мердігер компанияның бас инженері:

-Құбыр жерді қазбай көлденең бұрғылау әдісімен салынып жатыр. Бұл асфальт жабындысын, маңайдағы ғимараттарды зақымдамауға мүмкіндік береді. Полиэтилен құбыр ұзақ мерзімге жарамды. Ол металл сияқты шірімейді және суды ластамайды. Бұған дейін салынған пластик құбырлардың осындай тиімділігін байқадық. 

Биыл сумен жабдықтаушы компанияның инвестициялық бағдарламасы бойынша 34 шақырым инженерлік желіні ауыстыру жоспарланған. Жұмысты кәсіпорынның бригадалары мен қатар мердігер ұйымдар да атқарып жатыр.

Ербол Төлеуов, Сумен жабдықтау компаниясының бас директоры:

-Биыл инвестициялық бағдарлама 6 миллиард 500 миллион теңгеге бекітілді. Оның ішінде 2 миллиард 400 миллион теңгесі су құбырларын ауыстыруға, ол 20 шақырымды құрайтын болады. Ал кәріз сулары жүйесіне 3 миллиард 400 миллион теңге қаражатқа кәріз құбырын ауыстыратын боламыз. 

Биыл қалада кәріз құбырының жиі ақау шығатын 31 учаскесі жөнделуде. Бұл аумақтарда шіріген 18 шақырым құбыр түгел ауыстырылады.  

Руслан Нұрланұлы , Аман Хамит