Таразда 26 туристік нысан ашылады

  • 21
  • 09.09.2025, 20:03

Жамбыл облысында жыл басынан бері туризм саласына 12,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл қаражатқа кәсіпкерлер демалыс орталықтары мен этно жобалар ашып, жол бойындағы сервисті дамытып жатыр. Жалпы 2028 жылға дейін аймақта 20 миллиард теңгені жобасы жүзеге аспақ. 

12 гектар аумақта салынып жатқан этноорталық Тараз қаласының маңында орналасқан. Мұнда 30-ға жуық киіз үйден тұратын шағын қалашық болады. Олардың жартысы заманауи түрде жабдықталған қонақ үй болса, қалғаны ұлттық құндылықтарды дәріптейтін орталық ретінде жұмыс істейді. 

Мерей Бает, тілші:

- Этноорталықтағы киіз үйлердің әрқайсысына атау беріліп, сол атуына сай жабдықталған. Мәселен, біз қазір «Хан ордасы» деп аталатын қара үйде тұрмыз. Киіз үй «ұлттық құндылықтарды жаңғырту орталығы» ретінде жасалған. Мұнда қазір ұлттық аспаптар мен жаугершілік замандағы құрал саймандар қойылған.

Мұнда мұражай мен қолөнершілер орталығы ашылмақ. Демалушыға атпен серуендеп, садақ атып, балық аулауға мүмкіндік жасалып жатыр. Оған қоса тек қазақтың ұлттық ас мәзірін ұсынатын дәмханалар жұмыс істейді. Аспан астындағы сахна мен мәжіліс залы да болады.

Меруерт Лештаева, жеке кәсіпкер:

- Бұл орталықты не үшін салып жатырмын десеңіздер, қазақтың рухын көтеру үшін. Қазақтың мәдениеті мен өнерін елге, ең алдымен, шетелден келген туристерге көрсету, қазақты таныту үшін осындай орталық ашып жатырмын.

Облыста 3294 туристік нысан болса, оның басым көпшілгі тарихи орындар. Жауаптылар 2028 жылға дейін демалыс орындарының санын арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін 26 инвестормен келісімге отырып, 20 миллиард теңгенің жобасын жүзеге асырмақ. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады.

Мөлдір Оразалиева, туристік ақпараттық орталық директоры:

- 26 туристік инвестициялық жобалардың 9-ы осы жылдың соңына дейін соғылып бітеді. Ал 6 нысан қазіргі таңда бітіп ашылып отыр. Көбісі туристік демалыс орталықтары. Бірақ бұның ішінде жол бойындағы сервистік нысандар да кіріп отыр. Осы жобаның аясында жылдың соңына дейін 4100 аса турист қабылдау көзделіп отыр.

Жалпы былтыр облысқа 200 мыңға жуық турист келген. «Жаңа жобалар аймаққа келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді», - дейді жауаптылар.

Мерей Бает Тимур, Сейілхан Елдар Байділдә