Мәжіліс ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялады

  • 18
  • 10.09.2025, 19:33

Енді еліміз ең төменгі жалақыны белгілеу тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітеді. Мәжілісте 131-ші конвенция ратификацияланды. Бұл құжат дамушы елдердің ерекшеліктерін ескере отырып, жұмысшылардың еңбекақысын анықтаудың бірыңғай халықаралық қағидаттарын бекітеді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, заңнама елімізге бірқатар артықшылықтар бермек. Мәселен, құжатта ең төменгі жалақы жүйесін енгізу және тұрақты түрде қайта қарау сияқты негізгі қағидаттар қарастырылған. 

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Ең төменгі жалақыны анықтау кезінде экономикалық факторлар мен қызметкерлердің қажеттіліктерін есепке алу. Еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікке тыйым салу. Ратификациялау туралы шешім қабылданғанға дейін ұлттық заңнаманы 131 конвенция ережелеріне сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілді.

Төменгі палата депутаттары Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы еңбек миграциясына қатысты келісімді мақұлдады. Енді ол жақта жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы қорғалатын болады. Құжатқа сәйкес, Қатардағы жұмыс берушілер қазақстандық қызметкерлерге тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін тасымалдау, жиһазбен жабдықталған тұрғын үй немесе тұрғын үйге арналған жәрдемақы беру, Қазақстаннан Қатарға және кері қайту әуе билеттерін төлеу, жыл сайын кемінде үш апталық демалыс және қосымша үш күндік еңбек демалысын қамтамасыз ету сияқты жағдайларды жасауға міндетті. Еңбек шарты бұзылған жағдайда немесе төтенше жағдайлар туындаса, қазақстандықтарды елге қайтару тәртібі қарастырылған. Сондай-ақ келісімді іске асыруды үйлестіру үшін екі елден үш-үштен өкіл кіретін бірлескен комитет құрылмақ. Ол жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруға, ақпарат алмасуға және туындайтын дауларды шешуге жауапты болады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қатарда ресми 710 қазақстандық жұмыс істейді.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Квота бөлінбейді. Өйткені қазір Қатардағы азаматтардың 11 пайызы, яғни 361 мыңы ғана жергілікті тұрғындар. Ал қалғаны жұмыс істеуге келген мигранттар. Сондықтан Қатар көші-қон мәселесін қарастырмайды. Сол себепті Қазақстаннан Қатарға баратын азаматтар үшін квота бөлінбейді.