Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер біріктіріледі

  • 16
  • 10.09.2025, 19:40

Денсаулық сақтау саласындағы 30-дан астам түрлі ақпараттық жүйе бірыңғай платформаға біріктіріледі.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Цифрлық штабтың отырысында талқыланды. Мұндай шаралар елдегі дәрігерлердің жүктемесін азайтып, жүйенің тиімділігін арттырады. Оған қоса бірыңғай дерекқорды құруға мүмкіндік береді. 

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі: 

- Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінде 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Бұл дәрігерлер мен қызметкерлерге қиындық туғызуда. Мысалы, жәй ғана дәрі-дәрмектерді енгізу үшін арнайы жүйеге кіреді. Оның өз парақшасы мен құпиясөзі болады. Яғни, осылай бір емес, бірнеше жүйеге кіру керек болатын. Енді осы жұмысты оңтайландырып, ең алдымен, дәрігерлердің уақытын үнемдеуге жағдай жасап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін 7 жүйені біріктіру жоспарымызда бар.

Ал елдегі отын-энергетика кешендерінде мамандандырылған ақпараттық қауіпсіздік орталығы құрылатын болды. Мұндай шешім энергетика нысандарын қарқынды цифрландыру аясында киберқатерлердің өсуіне байланысты қабылданды. Вице-министрдің айтуынша, цифрлық басқаруға көшу жылу электр станцияларының жұмыс тиімділігін арттырғанымен, қауіпсіздік шараларын да назардан тыс қалдырмау керек.

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі: 

- Бұл өз алдына жеке маңызды сала болғандықтан, оның ерекшелігін, онда қандай құрылғылар барын, қандай үзілістер болатынын білетін мамандар қажет. Міне, осындай мамандар ғана маңызды энергетикалық нысандарға жаңа талаптар үлгсін әзірлеуі керек.