Алматы облысында туристік нысандарға апаратын тасжолдар жөнделіп жатыр. Биыл «Кеген – Нарынқол» тасжолының 74 шақырымы, «Жалаңаш – Саты» жолының 6 шақырымы жөнделеді. Ал өткен ғасырдың 80 жылдарында салынған «Көкпек – Шонжы» күрежолын орташа жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінген.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шекаралық аймақтарды дамытуға баса мән беру керегін айтты. Ұйғыр ауданындағы ыстық су көздеріне апаратын «Көкпек – Шонжы» тасжолының ұзындығы 85 шақырым. Бұл жол бөлігі соңғы рет 20 жыл бұрын орташа жөндеуден өткен.
Досбол Тепкішов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Бұл жолдардың таңдалған себебі – 80-90 жылдары салынған жолдардың ескіруі. Халықтың шағымы көп болды, авариялық жағдайлар жиі кездесіп, жүру қарқындылығы төмендеген соң, осы жолдарды орташа жөндеу арқылы қалыпқа келтіру жоспары жасалып, қазіргі уақытта жұмыстар жүргізілуде.
Нұржан Асқарұлы, учаске басшысы:
- Негізі жоба бойынша 42 км жолды бітіру қажет. Биыл астыңғы жамылғыны ірі түйіршікті асфальтобетонмен бітіру жоспарымызда бар. Қалған беткі жамылғысы ұсақ түйіршікті асфальтпен келесі жылға жоспарланып отыр. Компаниямыздың жұмысшылары және жергілікті оншақты тұрғын да жұмысқа тартылды.
Аталған жол бөлігінде 30 техника мен 27 адам жұмыс істеп жатыр. Оның құрылысы келер жылы толық аяқталады. «Демалушылардың ыстық су көздеріне кедергісіз қатынауы үшін қазан айында бірінші жамылғысы төселіп бітеді», - дейді мамандар.
Құрметхан Жидебаев, Ұйғыр ауданының тұрғыны:
- Мына тұрған жеріміз Шарын өзенінің шатқалы. Өте қиын шатқал еді. Қазір міне, мердігерлер, Үкімет көңіл бөліп, үлкен шаруа атқарылып жатыр, өздеріңіз көріп тұрғандай. Жергілікті халыққа, мына Қытаймен байланысып отырған шекаралық аймаққа өте үлкен ықпалы бар деп ойлаймыз.
«Жалаңаш – Саты» жолының 6 шақырымы, «Кеген – Нарынқол» тасжолының 74 шақырымы биыл жөнделіп бітуі тиіс. Жергілікті тұрғындар тарапынан бұған дейін аталған жолдардың жағдайына қатысты сын-ескертпе көп айтылды. Алматы облысы бойынша биыл жалпы ұзындығы 247 шақырым республикалық тасжол орташа жөндеуден өтеді. Соның 200 шақырымы туристер көп баратын Кеген, Райымбек, Ұйғыр сияқты шекаралық аудандардың аумағымен өтеді.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов