«Теңізшевройл» компаниясына 600 млн теңгеден астам айыппұл салынды

  • 16
  • 10.09.2025, 19:47

Атырау облысы экологиясының ластануы күрделі мәселеге айналып барады. Экология департаменті биылғы 8 айдың өзінде 21 тексеріс жүргізіп, 52 заңбұзушылық анықтаған. Нәтижесінде 121 әкімшілік іс қозғалып, 2 трлн 360 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Мысалы, «Теңізшевройл» компаниясының өзі 50 тоннаға жуық зиянды затты ауаға шығарған. Сот шешімімен 640 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, өндірілді.

«Теңізшевройл» компаниясының экологияны ластауы бойынша бұл бірінші дерек емес. 2023 жылдан бері мұнай өндіруші компания зиянды қалдықты шығару көлемін белгіленген нормадан асырып, тіпті рұқсатсыз төккен. Сондай-ақ экологтар жердің бүлінуі дерегін анықтады. Сот шешімімен 3,5 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған.

Алан Оңғарсынов, облыстық Экология департаменті бөлімінің бас маманы:

- Соңғы 3 жылда «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты бірнеше әкімшілік іс қозғалды. Алайда аталған әкімшілік істер бойынша «Теңізшевройл» ЖШС сот шешімімен келіспей, іс қайта жолданды. Бірақ сот үкімімен шағым қанағаттандырылған жоқ. Ал «Теңізшевройл» ЖШС-не жалпы сомасы 3 млрд 488 млн теңге айыппұл салынып, ол мемлекет пайдасына  өндіріп  алынды.

Кеше Жылыой ауданында «Теңізшевройл» компаниясы 2026 жылы зиянды қалдықтарды шығаруға рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізген. Жиынға қатысқан облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев кәсіпорын тарапынан өрескел қателіктер жіберіліп отырғанын айтты.

Сырымбек Сәрсембаев, облыстық мәслихат депутаты:

- Қазіргі таңда бірнеше жылдан бері ашық аспан астында Экология Кодексіне қайшы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі нормативтеріне сай емес, күкірт араласқан қалдықтар сақталып тұр және оны кеше Майкөмгенде өткен 9 қыркүйек күні қоғамдық тыңдауда ТШО-ның экологы да заңгері де мойындады. Мұның онкология, экология, адамдардың ауруына, қоршаған ортаға зияны өте көп.

Көпшілік келіспегеннен кейін қоғамдық тыңдау кейінге қалдырылған. Депутаттық сауал жолдаған Сырымбек Сәрсембаев: «Мұның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды», - дейді.

Сырымбек Сәрсембаев, облыстық мәслихат депутаты:

- Сол жиналыстың хатшысы ретінде ТШО дайындаған хаттамаға қол қоймай отырмын. Кеше ғана Президентіміз, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша экология, қоршаған ортаны қорғау туралы, қоршаған ортаны жақсарту туралы нақты тапсырмалар берді. Бірақ Теңізшевройл бірлескен кәсіпорыны бұл «Таза Қазақстан» бағдарламасына қайшы іс-әрекеттер жасап отыр деген жеке өз көзқарасым бар.

Жалпы өңірдің экологиялық мәселесі тұрғындарды талайдан толғандырып келеді. Жыл басынан бері облыстық Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау аясында 21 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 52 заңбұзушылық анықталып, оны жою туралы 19 нұсқама берілді. Сондай-ақ 121 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2 трлн 360 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин