Жыл басынан бері су заңнамасын бұзған 657 жағдай тіркелді

  • 17
  • 10.09.2025, 19:51

Заңсыз су пайдаланушылармен күрес. Жыл басынан бері су заңнамасын бұзған 657 жағдай тіркеліп, кінәлілерге 91 млн теңге айыппұл салыныпты. Жалпы жауаптылар бұл саладағы бақылауды күшейткен. Оның үстіне климаттың өзгеруі мен аптап ыстықтың салдарынан Сырдария өзенінің ағыны ерте тартылып, Шардара су қоймасына су келуі азайған. Ішкі өзендер ағысының айтарлықтай баяулауы жағдайды одан әрі қиындатқан. Мәселен, былтыр Бөген су қоймасына 439 млн текше метр су жіберілсе, биыл сәуір-шілде айларында небәрі 114 млн текше метр су келіп түскен.

Ал Жамбыл облысының төрт ауданы трансшекаралық Шу және Талас өзендеріне тәуелді. Талас өзенінен су алу Қырғызстанмен келісілген кесте бойынша жүргізілуде. Қызылордада шаруаларға 3,51 млрд текше метр су берілген. Суару жұмыстары Алматы мен Жетісу облыстарында қыркүйек соңына дейін аяқталуы тиіс.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

- Диқандарды сумен қамтамасыз ету шаралары атқарылды. Каналдар бойынша кезекпен су беру кестесі бекітілді. Қызылорда және Түркістан облыстарында 169 тік дренаж жүйесі қосылды. Ресурстарды үнемдеу үшін коллекторлық-дренаждық суды қайта пайдалану жүзеге асырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде екі өңірде вегетация кезеңі өнім шығынынсыз аяқталып жатыр.