Түркістан облысында газ төлемі дауға ұласты

  • 20
  • 12.09.2025, 19:32

Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғыны «КелесТрансГаз» газ таратушы мекемесінің үстінен шағым айтты. Олардың сөзінше, жекеменшік мекеме бірнеше жылдан бері халыққа банктік «лицевой шот» бермей, абоненттік төлемді заңсыз қолма-қол жинап келген. Ал жауапты мекеменің айтар өз уәжі бар.

Жартытөбе ауылдық округіне қарасты бірнеше елді мекеннің тұрғындары Достық ауылына жиналды. Айтуларынша, газ таратушы мекеме тұрғындарға банктік жеке шот бермеген. Төлемді қолма-қол немесе тексерушінің жеке kaspi нөміріне аударуды талап еткен. Тұрғындар: «Бұл төлемдер фискалды чекпен расталмайды. Ертең қарызсыңдар десе, төлемді дәлелдей алмаймыз», - деп алаңдап отыр.

Құрманбек Сланов, Достық ауылының тұрғыны:

- Газымызға «лицевой шот» бермейді. Келеді де: «Аға, мынау болды», - дейді кітабын ашып, соны төлеп жібереміз болды. Одан біз түбіртек алмасақ,  төлегенімді ол менің нөмірім демесе, мен ертең қалай дәлелдеймін?

Әділхан Жұмаділлаев, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Шотымызға келіп тұрсын десек, «сіздер елді мекенге кірмегендіктен, қолма-қол бересіздер», - дейді.

Тұрғындардың үрейленуінің де өз себебі бар. Өйткені Энергетика министрлігі халықтың арызына берген ресми жауабында «КелесТрансГаз» мекемесінің «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 1 млрд 126 млн теңге көлемінде қарыз екенін ашық көрсеткен. Сондықтан тұрғындар бұл қарыз халықтан жиналған, бірақ тіркелмеген қаражаттың есебінен пайда болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Айбек Әлімбаев, Достық ауылының тұрғыны:

- Оны кім қарыз деген сұрақ? Біз қарызбыз ба? Әлде өздері қарыз ба? Неге десеңіздер, оларға біз төлегенмізді дәлелдей алмаймыз. Оны халыққа шашып жіберуі де мүмкін. Қазір біздің қорқынышымыз себебі осы болып тұр.

Халық жиналған жерге «КелесТрансГаз» мекемесінің өкілдері келмеді. Бізге басқа жерде жолығуды ұсынды. Өзін мекеменің бас менеджерімін деп таныстырған мына жігіт бастапқыда «барлық ауылдың тұрғындарына 100% жеке төлем шотын беріп қойдық», - деді.

Ерлан Сұлтанбеков, газ таратушы мекеменің бас менеджері:

- «Лицевой шотты» жеткізу бізде сәл кедергі болып қалып жатыр. Көбінесе абоненттер үйінде болмай қалады. Жұмыс уақытынан кейін аралап, ақпарат бере алмаймыз. Біз абоненттің әрқайсысына барып жеке түсіндіруге міндетті емеспіз. Жеке шотты берулеріңіз керек қой. Беруіміз керек, иә! Бізден келіп сұрайтындар бар, әлі де келіп сұрап жатыр. Сіздер барған жерлер шекараға жақын болғандықтан ол жерде жүйе істемейді. Өзіміздің Көктерек ауылында келіп, жеке шотын алып, төлеп жатқандар бар.

«КелесТрансГаз» мекемесі Сарыағаш ауданында 5600 абонентті көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Алайда ауыл тұрғындарының төлем мәселесі қашан шешілетінін әзірге белгісіз.

Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш