Қазақстанда мыңға жуық адам бауыр ауыстыру кезегінде тұр

  • 19
  • 12.09.2025, 19:33

Қазақстанда мыңға жуық адам бауыр трансплантациясына кезекте тұр. Бірақ жыл басынан бері небәрі 40-тан аса операция жасалды. Бұл қажеттіліктің бар-жоғы 5–6 пайызын ғана өтеп отыр. Мәселенің түйіні донор тапшылығында. Тірі донорға иек артқанмен, көбіне сәйкес келмейді. Ал мәйіттік донордың жетіспеуі талай жанның тағдырын қыл үстінде қалдырып отыр.

Биыл трансплантациялардың 95 пайызы ересектерге жасалған. Қалған аз бөлігі туа бітті дертке шалдыққан балаларға істелген. Кей жағдайда кішкентай науқастарды квота арқылы шетелге жіберуге тура келеді. Мәселен, биылдың өзінде 12 бүлдіршін Үндістанда бауыр алмастырған.

Алматыда өткен халықаралық 9-шы хирургтар Конгресінде осы мәселе өткір талқыланды. Конгресс Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, елімізде заңға өзгеріс енгізіліп, мәйіттік донорлық институты жолға қойылса, бауыр дертіне шалдыққан талай жанның үміті қайта жанар еді.

Болатбек Баймаханов, «А.Н.Сызғанов АТЫНДАҒЫ Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз осы тірі донормен, соның бауырының 60 -70 пайызын алып, соған туысқанынікін салып, өмірін сақтап қалуға сондай қиын операциялар жасап жатырмыз. Біз мынау тек қана тірі донорлықты дамыту арқылы бұл проблеманы шешпейміз. Сондықтан бұл кезекті азайтамыз деп қазіргі таңда мәйіттік донорды дамытпай, жылдан жылға бізде аурудың саны көбейіп жатыр.