«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісі салынады. Оның ішінде 260 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 235 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Жоба арқылы 4 миллионнан астам ауыл тұрғынына жоғары технологиялық көмек ұсынылды. Сонымен қатар ауылдарға 1 100-ден астам дәрігер тартылды.
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау шаралары жоспарлануда. 2026 жылы үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігі енгізіліп, жеңілдетілген кредиттер, біржолғы төлемдер, жәрдемақы және көлік шығындарын өтеу қарастырылады.
Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысына республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы бұл нысандарды қаржыландыру арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасуда.