Қызылордалық Қайруллаевтар әулеті ұлттық құндылықтарды ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналдырған. Бұл шаңырақта төрт түлікке қатысты салт-дәстүр мен жөн-жоралғыны өскелең буын әрдайым үлгі етеді.
62 жастағы Ақтай Қайруллаев атқа мінудің қыр-сырын 10 жасынан меңгерген. Бала күнінде бірнеше аламан бәйгенің бас жүлдесін иеленіпті. Бүгінде немерелерін осы ұлттық спор түріне баулып жүр. Мұнан бөлек, ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысады.
Ақтай Қайруллаев, Т. Көмекбаев ауылының тұрғыны:
- Менің әкем Әділбек 66 жылы 28 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды. Қаракөлді көбейткені үшін, ол кезде Қаракөл үкіметке алтынмен пара-пар. Сол Қаркөлдің сорттылығын бірінші сортқа өткізген. Мал басына 3 келіден жүн қырқып өткізген. Сол еңбегінің арқасында осындай атаққа ие болды.
Әулеттің ақ жаулықты анасы, 84 жастағы Айша Қайруллаева 11 құрсақ көтерген батыр ана. Ұрпағының бойына ұлағат ұялата білген кейуана немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішу бақыты бұйырған жан.
Айша Қайруллаева, батыр ана:
- Балаларға жақсы тәрбие бердім. Әкелеріңнің атағы бар дедім. Мен де батыр анамын. Балаларды жақсы болыңдар, жақсы жүріңдер деп тәрбиеледік.
Өнегесі мол отбасы ұлттық құндылықтарды отбасы бірлігінің алтын қазығына айналдырған. Төрт түлікті тең өргізген еңбекқор жандардың дастарханынан табиғи таза, ұлттық тағамдардың үзілмеуі заңдылық.
Әмина Жұматаева, әулеттің келіні:
- «Жалпы шұбат 40 түрлі ауруға ем», - дейді. Мінекей, осы ата кәсібіміз. Біз ауылда тұрғаннан кейін түйе сауамыз, жылқы сауамыз.
«Бар арманым – ұрпағымды еңбек сүйгіш, адал адам етіп тәрбиелеу», - дейді Еңбек Ерінің ұлы.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев