«Қазақстан тарихының» II томын әзірлеуге қатысты кезекті отырыс өтті

  • 13
  • 12.09.2025, 19:52

Алматыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалық етуімен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Жиында редакция алқасы жалпы дауыс беру арқылы одан әрі баспаға дайындау үшін басылымның екінші томының қолжазбасын бекіту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар редакция алқасы сүбелі еңбектің үшінші томының мазмұнын талқылады. Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев басылымның тұжырымдамасы, мазмұны және құрылымы туралы баяндады. Ол үшінші томның «Алтын орда» дәуірене арналатынын, бөлімнің ерекшеліктері мен жаңалығын атап өтті. Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының докторлары Бүркітбай Аяған, Берекет Кәрібаев пікірлерін айтты. Сондай-ақ редакция алқасының Мұрат Әбдіров, Галина Ксенжик, Ханкелді Әбжанов, Мәмбет Қойгелдиев секілді өзге мүшелері де өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңында редакция алқасы үшінші томды жетілдіру жұмысын жалғастыру туралы және келесі отырыста академиялық басылымның төртінші томын қарастыру жөнінде шешім қабылдады.