Дәстүрлі шара осымен 12-ші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы өңірлерден келген қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысуда. Форум аймақта жүзеге асқан әлеуметтік жобалар көрмесімен басталды. Одан әрі пленарлық жиын өтіп, тараптар қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту, жергілікті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестікті дамыту жолдарын талқылады. Бұдан соң қатысушылар пікірталас алаңында өзара тәжірибе алмасып, шеберлік арттыру сағатына қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған форум аясында аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай үздік үкіметтік емес ұйымдарға арнайы марапат тапсырды.
Серік Бисенбаев, әлеуметтанушы:
Мұндай үлкен форумдардың мақсаты – осындай азаматтық қоғам өкілдеріне алаң беру. Олардың мүддесін жоғары жаққа жеткізу. Өзара бір әрекеттестікті дамытуға үлес қосу. Сол тұрғыдан алған кезде әрине, бұл әсіресе аймақтарда өтетін форумның маңызы өте зор деп есептеймін.
Жақсыгүл Маханбетова, ҮЕҰ жетекшісі:
- Жастарға, әйелдерге қатысты мәселелерге біз көп араластық та, мынау еңбек даулары бізде әлі тың. Өйткені ол осы уақытқа дейін кәсіподақтың жұмысы, жергілікті атқарушы биліктің жұмысы деп арасында бір болмаса, етене араласып кеткен жоқпыз. Ал енді бүгінді таңда бұл қажет деп есептейміз. Өйткені әрбір адам осы мәселемен кездеседі.