Жолдауда жүктелген міндеттер талқыланды

  • 14
  • 12.09.2025, 20:01

Ұлытау облысы құрылған үш жылдың ішінде өңірге 700 млрд инвестиция тартылды. 22 жобадан тұратын пул жасалып, ұлттық цифрлық платформаға енгізілді. Бұл туралы Президент Жолдауын іске асыру жолдарын талқылаған жиында айтылды. Аймақ басшысы жауапты мамандарға Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыру бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. 

Президент Жолдауда экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалануды міндеттеді. Бұл ретте өңірде қазірдің өзінде бірқатар жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Мәселен, облыс орталығы Жезқазғанда жолдардың кем-кетігі цифрлық жүйенің көмегімен анықталады. Аймақ басшысы жаңашылдыққа бастайтын мұндай жобаларға басымдық беру қажеттігін айтты. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- Цифрлық технологияларды игеру ісінде заман талабынан қалыс қалмай, жаңа мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану арқылы экономиканы, мемлекет басқаруды және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуды ерекше атап кетті. Экономиканы әртараптандыру бағытында цифрлық  экономика, деректер нарығы және жасанды интеллектке негізделген жаңа салаларды дамыту міндеті қойылды. 

Биыл өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 103,4 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. 2028 жылға дейін жалпы құны 937 млрд теңгені құрайтын 22 ірі жоба жүзеге асырылады. 

Данияр Арынғазин, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:  

- Биыл 27 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылды. 70 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 12 млрд теңгеге 3 ірі жобаны іске қосу жоспарлануда. Қосымша 200-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады.

Облыста пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жоспары биыл артығымен орындалып, қайта айналымға енгізді. Жиында ауыл шаруашылығы мен өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында атқарылатын жұмыс жайлы айтылды. Облыс әкімі Дастан Рыспеков аудан, ауыл әкімдеріне Президент Жолдауында айқындалған бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жасауды тапсырды. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев