Алматыда ауадағы аллергендер мен шаң-тозаң жасанды интеллект көмегімен анықталады. Әзірге мұндай құрылғы еліміз бойынша біреу ғана. Қазіргі уақытта сынақтан өткізіліп жатыр. Яғни осы аралықта AI алгоритмі арнайы лентаға жиналған бөлшектерді талдап, Алматыға тән аллерген түрлерін ажыратуға бейімделеді. Бұл сынақ 3 айға дейін созылады. Содан кейін деректер осы зерттеуді жүргізіп отырған қордың сайтына салынады.
Алматы әлемдегі ауасы ең лас 10 қаланың қатарына кіреді. Сол себепті тұрғындардың арасында аллергиялық ауруға шалдыққандар көп. Осының алдын алу үшін Almaty Air Initiative қоры AI-технологиясын сынақтан өткізіп жатыр. Құрылғы Америкада жасалған. Орталық Азияда алғаш болып Алматыда орнатылды. Датчик жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Көлемі шағын ғана. «Бірақ атқаратын қызметі өте ауқымды», - дейді инженер Әлібек Тұрғынов.
Әлібек Тұрғынов, инженер:
- Мына жерде арнайы лента бар. Ол лентаға ауадағы ластаушы заттардың барлығы жабысады. Жабысқан нәрсені мына жерде микроскоп орнатылған. Ол микроскоп лентаға жабысқан заттардың бәрін суретке түсіреді, сол суретті серверге жібереді.
Жасанды интеллект әрбір бөлшекті танып біледі. Оның қайсысы шаң-тозаң, жусан, зең немесе микропластик екенін анықтап береді. Дәл қазіргі уақытта амброзия, яғни ойраншөп пен жусанның тозаңы көп.
- Мысалы, қазір ауада амброзия көп, ол амброзаны біздің жасанды интеллект жақсы біледі. Суретте біз нақты көре аламыз, мынау шаң, мынау зең дегендей. Сол суреттерді өзіміз платформада да көре аламыз, керек болса.
Бұған дейін ауада қандай аллергеннің бар екенін анықтау үшін жылжымалы зертхана қолданылды. Ал сынаманың талдауын 10 күнге дейін күтуге тура келетін. Енді жасанды интеллект тозаң және басқа аллергендер туралы деректі нақты уақыт режимінде алуға мүмкіндік береді. Сол арқылы тұрғындар ауаның сапасын өздері бақылай алады.
Жұлдыз Сәулебекова, қордың атқарушы директоры:
- Мына технология бойынша біз сізге нақты айтып береміз. Көп адамдар білмейді. Мүмкін тұмау шығар. Мүмкін шаңға шығар. Мүмкін кейбір иттерге, мысықтарға аллергиясы бар адамдар болады. Сіз не болып жатқанын білмейсіз. Осы деректерді жинап отырсақ, үлкен дата сеть жинап отырсақ, соның бірі арқылы қазіргі ауада немене болып жатқанын онлайн режимде нақты айтып береміз.
Жекеменшік қор сынақтан соң аэробиологиялық және экологиялық мониторинг жасайтын құрылғының санын көбейтеді. Болашақта тағы бірнеше жерге қою жоспарланған. Оған қоса, жеке алып жүруге арналған ауа тазартқыш құралды да байқап көріп жатыр. Мойынға тағылатын фильтр ауадағы аллерген тудыратын заттарды сүзіп таза ауа шығарады. Қор өкілдері: «Осыны өзімізде шығаруды қарастырамыз», - дейді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев