Алматыда электрсамокаттарды қоятын арнайы тұрақтар пайда болды. Әзірге Алматы әкімдігі қос дөңгелекті техниканы қоятын 10 орынды белгіледі. Енді кикшеринг компаниялар электрсамокаттарды соған сай бейімдеуі керек. Техниканы көрінген жерге бейберекет тастап кететіндермен осылай күресуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, Алматыда самокаттарға қатысты жыл басынан бері 302 келеңсіз жағдай тіркелген. Одан 312 адам зардап шеккен. Бұл қалалық полицияның дерегі. «Мұның бәрі екі дөңгелекті транспортты қолданушылардың қарапайым ережелерді білмеуінде»,– дейді мамандар. Самокаттарға арналған арнайы тұрақтар көшелер мен үлкен кеңселердің маңына жасалады.
Бауыржан Құмарғазин, қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары:
-Бұл жұмыс қазіргі таңда тек қана тесттік режимде болады. Оны кикшеринг операторлар өзінің системасының настройкасын жасап, содан кейін бұл жұмыс жалғасатын болады. Самокатты осындай арнайы тұраққа қойған кезде суретке түсіріп, тұрақтың разметкасын оқып, содан кейін поездка бір-ақ бітетін болады.
Қалалық мәслихат депутаттары электрсамокаттарды қолдануға қатысты регламенттелген ережелер шықпайынша оларды көшеде жүргізбеуді ұсынған болатын. Ереженің ең бастысы электрсамокатпен тротуарда жүруге болмайды. Сондай-ақ жылдамдық көрсеткішін төмендету және самокаттардың санын азайту ұсынылды. Қала әкімдігі, депутаттар мен кикшеринг компаниялардың өкілдері кірген жұмыс тобы жыл соңына дейін ортақ мәселенің шешімін таппақ.