Абай облысында суқұзғындар көбейіп барады. Көбейгені сонша, тіпті Ертіс өзеніндегі балыққа қауіп төндіріп жатыр. Жыртқыш құстардан жергілікті шаруалар шығынға батты.
Бұл балық шаруашылығы 2023 жылы ашылды. Қазір мұнда 60 тонна «су маржаны» өсіріледі. Бірақ көктемнен бері 15 тонна бақтақ пен мөңке суқұзғынға жем болған. Кәсіпкердің айтуынша, жаз айларында көбейген жыртқыш құстар таң ата көлге қонып, балықты қынадай қырып кетеді.
Қанат Жақыпов, балық шаруашылығының директоры:
-Жыртқыш құстар таңғы 4-тен бастап қаптайды. Үркітіп көрдік. Ештеңеден қорықпайды. Қазір балықтың 25 пайызы қырылып қалды.
Бұл жағдайды балықшылар да растап отыр. Олардың айтуынша, суқұзғындар өзен-көлдерге жаппай шабуыл жасап, балық біткенге «күн көрсетпей» жатыр.
Николай Иванов, балықшы:
-Суқұзғындардың жаппай көбеюін 30 жылдың ішінде бірінші рет көріп тұрмын. Тіпті көлдің бетіне ондаған мыңы келіп қонады. Суға сүңгіп, балықтарды қырып жатыр.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, биыл 3 мың суқұзғынның көзі жойылған. Бұл өңірді мекендейтін жыртқыш құстың 20 пайызы.
Наталья Ельникова, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Қазір суқұзғындарды ату маусымы аяқталды. Санақ нәтижесі бойынша, олардың көбейгені анықталды. Осыған байланысты тиісті шара қабылданады.
Әдетте, суқұзғындар жаздың соңында есейген шағында атылады. Бұл су құстары мен балықтар тобын сақтауға мүмкіндік беретін шара.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ботакөз Дәндібаева, Медет Өмірханов