Түркістанда халықаралық талаптарға сай салынған бірегей спорт кешені «Ескек есу» арнасы ашылды. Заманауи жасанды су айдыны арнайы академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спортына арналған. Аумағы 100 гектар жерді қамтитын «Ескек есу» арнасының жалпы ұзындығы 2 шақырымнан асады. Ені - 260 метр, тереңдігі - 4 метр. Толық автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Кешенді спорттың 6 түрінен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады. Мұнда академиялық ескек есу, байдарка мен каноэ спорт түрлерінен халықаралық іс-шаралар, Әлем және Азия кубогы деңгейіндегі жарыстарды өткізуге болады. Жыл он екі ай оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Денис Жәрменов, Түркістан облысы және Шымкент қаласы ескек есу және желкен спорты қауымдастығының төрағасы:
-Бұл «Ескек есу» арнасы еліміздегі су спортымен шұғылданатын мыңдаған адамның арманы. Бұрын спортшыларымыз көрші мемлекеттерге барып жаттығатын. Енді барлығы өзімізде бар. Кешен халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетіндіктен мұнда Азия және Әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Ендігі біздің мақсатымыз осы жерден Олимпиада чемпиондарын даярлап шығару. Оған мүмкіндігіміз жетеді.