Таразда тұрғындар үш айдан бері ауызсудан тарығып отыр

  • 11
  • 16.09.2025, 19:45

Жұрт: «Соңғы айда су құбырынан мүлде су ақпай қалды», - деп жыларман. Сондықтан ауызсуды тасып ішуге мәжбүр. Ал қала билігі су құбырының қайда екен білмей дал. 

Тараз қаласының орталығындағы Рахмати, Бұрыл мен Қашағанов көшесі тұрғындарының ауызсуға жете алмай отырғанына 3 айдан асты. «Алғашқы екі айда сыздықтаған су түнгі 2 мен 4 тің арасында келетін», - дейді. Кейін мүлде тоқтап қалған. Салдарынан 50-ге жуық баспана ауызсусыз отыр.

Сәния Нұрлыбаева, қала тұрғыны:

- 4 жыл біздің суымыз жылдан жылға төмендеп бара жатыр. Жылдан жылға қысым дейсің бе, қысым жоқ. Ал енді біз оны шешетін жерге қағаздарын апарып бердік, шешімі жоқ. Көбінесе зейнеткерлер тұрады. Біз су тасып шаршадық. Бізге сол суды көбейтіп берсін деп отырмыз.

Амалы таусылған жұрт ыдыс-аяқ жуу үшін суды көлік жуу бекетінен тасиды. Ал тұтынатын ауызсуды дүкеннен сатып алып отыр. 

Мерей Бает, тілші:

- Жұрт соңғы бір айда ауызсу желісінен тамшы су таппағанын айтады. Сондықтан көрінген пластик құтыларды жиып, оларға тіршілік нәрін толтырып әлек.

Тұрғындар жергілікті билікке су мәселесі барын 3 ай бұрын айтқан. Ал жауаптылар тек бір апта бұрын іске кірісіпті. Оның өзінде қай жерден ақау барын білмейді. Себебі су арнасының құбыры қай жерде жатқанынан хабарсыз.

Мағрипа Райысова, қала тұрғыны:

- Тракторменен келді бір жігіттер. Не істеп жүрсіңдеп деп едім, осы жерден судың трубасын іздеп жүрміз деді. Білмейді, соны іздеп түске дейін осы жерді айналып жүрді. Алай барды, былай барды, таппады.

Жауаптылар ескі құбыр бұрын осы аумақта болған сыра зауыты үшін салынғанын айтады. Кейін зауыт жабылған соң желіге тұрғын үйлер қосылған. «Сондықтан жеке желінің сызбасы жоқ», - дейді. Енді су құбырын табу үшін әр жерді қазуға мәжбүр.

Нариман Қойтанов «Жамбыл-Су» мекемесі бас инженерінің міндетін атқарушы:

- Бізден бір бригада, бір экскаватор, бір бригада дәнекерлеуші құбырды іздеп, қазып жатыр. Бір жерден задвижка таптық, сол жерден ақау шығар деп ойладық. Оны ауыстырдық, бірақ нәтиже болмады. Скважина бітеліп қалған сияқты, оған да біраз жыл болды. Темір құбырдың қызмет ету мерзімі – 15-25 жыл. Ал біздікі үшінші мерзімге өтіп бара жатыр. Бұл – 1970-80 жылдары салынған құбырлар ғой.

Жауаптылар: «Аталған көшелерге үздіксіз су беру үшін жаңа құбыр салу керек», - дейді. Ол үшін 127 миллион теңге қажет. Егер жоба мақұлданып, қаржы бөлінсе, келер жылы тұрғындар мәселесі шешіледі. Әзірге тозған құбырдың тесілген жерін тауып, жамап қоймақ. Айта кетерлігі, шаһардағы 365 көшеде дәл осындай иесіз құбыр бар. Оларды әкімдік өз иелігіне алып, шетінен жөндеп жатыр. Мәселен, соңғы 3 жылда осындай 31 көшенің ауызсу желісі жаңарған.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә