Енді Қазақстанда құрастырылатын Chery, Changan, Haval (Чери, Чанган, Хэйевел) автокөліктерінің бағасы арзандайды. Бұған Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауыты іске қосылғаннан кейін қол жетіп отыр. Жаңа зауыт өндірісті жергіліктендіруге жол ашты. Баға осының есебінен төмендейді.
Қазіргі таңда мультибрендті зауытта қажетті құрал-жабдықтар толығымен орнатылған. Chery, Changan, Haval автокөліктерін шығаруға арналған құрамдас бөліктердің алғашқы легі де әкелінді. Жаңа зауыт жылына 120 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Автокөлік өндірісін жергіліктендірудің арқасында қытайлық көліктер енді қолжетімді болмақ.
Бекнұр Несіпбаев, Astana Motors компаниясының бас директоры:
- Бұл зауытта 3600 адамға жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда зауыт бір кезеңде жұмыс істеп жатыр. 1500 жарым адам осы жерде жұмыстарын көрсетіп жатыр. Қазақстан Үкіметі автопромды дамытуға үлкен қолдау жасап жатыр. Сол қолдаудың мәртебесін түсініп, біз Chery, Changan, Haval автокөліктерінің бағасын 7-ден 15 пайызға түсіріп жатырмыз.
Өндірістік кешен аумағында роботтандырылған және автоматтандырылған дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехтары, шанақтарды автоматты түрде бөлетін қоймалар жұмыс істеп тұр. Дайын көлікті сынақтан өткізетін аймақ, инженерлік желілер де заманауи талапқа сай. Сондай-ақ қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта тынығып, спортпен айналысуына мүмкіндік қарастырылған.
Ердос Тілеубеков, дәнекерлеу цехының басшысы:
- Зауыт жалпы заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Атап айтқанда зауытымызда 54 робот жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар дәнекерлеу цехында жапондық 17 робот жұмыс жасайды. Бояу цехы 90 пайызға автоматтандырылған.
Жаңа зауыт Astana Motors компаниясының индустриялық аймақтағы үшінші өндіріс орны. Зауытқа 202 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев