Атырау облысындағы Талдыкөл ауылына жол салына бастады

  • 12
  • 17.09.2025, 19:40

Осы мақсатқа жергілікті және республикалық бюджеттен 58 миллиард теңге бөлінді. Талдыкөл ауылында жаңа жол мен көпірдің құрылысы қыза түсті. Былтырғы тасқын кезінде елді мекен бағытындағы 500 метрді су шайып кеткен еді.

Қазір негізгі күш көпір маңайына шоғырланған. Ұзындығы 54 метр болатын нысан толық бетоннан құйылып жатыр. Мамыр айында су шайып кеткен аумақ тазаланып, жаңа құрылыстың іргетасы құйылған. Жоба бойынша бұл жерде екі жолақты бетон көпір орнатылады. Құрылыс ең озық технологияға негізделген.

Арғын Айтқалиев, жол учаскесінің бастығы:

- Екі жағы бетонитті матамен қапталады. Оның үсті «решетка щебеньмен» толықтырылады, яғни бұл бетон болады. Сосын үстіне астын жасап қойып, ресаит деп атаймыз, оның қалыңдығы – 21 см, бұл да «холодный бетонирование» әдісімен жасалады. Одан кейін 16 см қалыңдықта тегістегіш қабат түсіріледі. Ал оның үстіне 12 см асфальт төселеді. Мұның бәрі былтырғы келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін жасалып жатыр. Арнасынан асқан канал бір күнде көпірді бұзып, жолдың 500 метрі жарамсыз болып қалды. Бұл жағдайдың салдарынан бір мыңға жуық тұрғыны бар ауыл аралда қалып қойды. Көпір құрылысымен бірге 6 шақырымдық жолдың негізгі жұмыстары аяқталуға жақын.

Сейілбек Зұлқашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:

- Ол кезде осы Талдыкөл ауылының жолындағы суөткізгіштер санының аз болуына байланысты нөпір суды қабылдай алмадық. Осыған сәйкес қазіргі уақытта жоба қайта бекітіліп, қайта қаралып, осы жердегі су өткізгіштер санын көбейттік. Жоба бойынша биылғы жылдың желтоқсан айында осы жол құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Жалпы тасқын кезінде жарамсыз болып қалған Махамбет, Индер аудандарындағы 12 елді мекеннің жолын жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов