Өңірдегі туристік нысандарда аспаз, тазалықшы, бармен мен даяшы секілді 600-ден астам қызметкер тапшы. Мәселе жылда қайталанғанымен әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. «Ал бұл иқызмет көрсету сапасына кері әсер етеді», - дейді жауаптылар.
Бұл Бурабайдағы ең ірі қонақүйлердің бірі. Қазір мұнда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Бірақ әлі 20 шақты маман керек. Олардың барлығы дерлік техникалық персонал. Қажет қызметкерлер табылған күннің өзінде көп тұрақтамайды екен.
Гүлмира Рамазанова, қонақүй менеджері:
- Өкінішке қарай жастар көбінесе үлкен қалаларды таңдайды. Қанша жерден курортты аймақ болса да бізге келгісі келмейді. Қазір бізде көбінесе сервистік бағыттағы мамандар жетіспейді. Әсіресе аспаздар мен тазашылықшыларға сұраныс өте жоғары. Біз қызметкерлерімізге қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Яғни тұрақты жалақы, осы қонақүйде тұрып, жұмыс істеуге де мүмкіндік береміз.
Қонақүй менеджердің сөзінше, қызмет көрсету саласына көбіне жастар алынады. Бірақ олардың жұмысқа деген аса қатты құлшынысы жоқ. Әсіресе жазғы маусымда туристер қарасы көбейгенде жастар жұмыстан шығып кететін көрінеді. Бұл сәйкесінше қызмет көрсету сапасына әсер етеді.
Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Қазір аймақтағы туристік нысандарда 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бірақ осының өзі жеткіліксіз. Өйткені көп қызметкерлер маусымдық кезеңде, яғни жазғы уақытта жұмыс істеп кетіп қалады. Ал бізге жыл бойы еңбек ететін адам керек. Қазір өңірде 3-4 студент облыс әкімінің гранты бойынша білім алып жатыр. Алдағы уақытта біз осы грант санын көбейтуді көздеп отырмыз.
Қазір аймақта сала мамандарын дайындайтын 4 білім ошағы бар. Олар жылына 100-ге жуық маман дайындайды. Бірақ, кадр тапшылығын шешуге осының өзі аздық етеді. Сондықтан соңғы жылдары оқу орындары сұранысқа ие мамандықтарға баса көңіл бөліп отыр.
Асхат Сейтіков, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы:
- Әр жыл сайын бізде білім беру бағдарламасын талқылау жүзеге асырылады. Оны іске қосар алдында талқылау жүргізіліп, жұмыс беруші ұйымдардан жұмыс берушілер шақыртылады. Сол жұмыс берушілермен тығыз байланыста болып, біз білім беру бағдарламасын одан әрі шыңдай түсеміз.
Саладағы кадр тапшылығын Мемлекет басшысы да Жолдауда ерекше атап өтіп, туристік жерлердің барлығын ретке келтіруді тапсырды.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Ақмола облысында қазір 700-ден астам туристік нысан бар. Олардың дені Бурабай мен Зеренді ауданында орналасқан. Жыл санап аймақта туристер қатары да артып келеді. Мәселен, жыл басынан курортты өлкеге 1 миллионға жуық демалушы келді.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный