Ғалымдар қатерлі ісік өсуін 30% тежеу әдісін тапты

  • 9
  • 17.09.2025, 19:47

Ғалымдар қазірдің өзінде аурудың асқынуын тежейтін жол тапқан. Сәтін салса, қатерлі ісікке қарсы препарат сынақтарының бірінші кезеңі биыл аяқталуы тиіс. Бұл туралы биолог, профессор Дос Сарбасов мәлімдеді.

Дана Әлиева, тілші:

- Nazarbayev University-де АҚШ, Жапония, Қытай және Еуропа елдерінен келген ғалымдар бас қосып, жаңа зерттеулерін таныстырды. Олар мышьяк триоксиді мен С дәруменінің кішкентай дозада қолдану кей қатерлі ісік түрлерінің өсуін болдырмай, тіпті 30%-ға кішірейте алатынын анықтады.

Дос Сарбасов, ғалым:

- Биыл зерттеуіміздің бірінші кезеңін аяқтаймыз. Препараттың дозасын 0,5 грамға үлкейттік. Бұл қазір тышқандарда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Барлығы сәтті өтсе, келер жылы екінші кезеңді бастауға дайынбыз. Сынақты Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар қалаларында өткізуге ниеттіміз.

Қазақстандық ғалымдар қазақ халқының геномын зерттеп, жүрек-қан тамыр ауруына, атап айтқанда атеросклероз бен холестерин алмасуының бұзылысына генетикалық бейімділік бар екенін анықтады. Яғни кей адамдардың ағзасы майды дұрыс ыдырата алмайды, бұл жүрек ауруына ерте шалдығуға себеп болуы мүмкін.

Айнұр Әкілжанова, өмір туралы ғылымдар орталығының директоры:

- Қан тамырларының негізі осы және басқа аураларға да әкеледі. Оның асқынулары артериалды гипертония, инфаркт миокарда, инсульт деген көбінесе адамдардың өліміне әкеледі.

Дана Әлиева, тілші:

- Ғалымдар микробиомның рөлін де зерттеді. Ас қорыту жүйесінің бактериялары жүрек-қан тамыр аурулары мен қатерлі ісіктің қалыптасуына да әсер ететінін байқаған. Конференцияда айтылған осы және өзге де ғылыми жаңалықтар медицинада нақты қолданылып, сырқаттарды ерте анықтауға, алдын алуға және науқастардың емін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Дана Әлиева, Қайрат Ақтөреев