СҚО-да сиыр еті тапшы

  • 8
  • 18.09.2025, 19:40

Кәсіпкерлердің айтуынша, ауыл тұрғындары малын жаппай Өзбекстанға өткізіп жатыр. Соның кесірінен жергілікті нарықтағы баға шарықтап кеткен. Бұл туралы жауаптылар не дейді? Мал өсіріп отырған шаруалардың уәжі қандай? 

Бескөл ауылының тұрғыны Назымбек Құдабаев азын-аулақ шаруашылық құрып, 110 бас ірі қара ұстады. Сиырдың сүті мен етін сатып, пайда көрді. «Ал осыдан 3 жыл бұрын мал санын азайтуға тура келді», - дейді шаруа. Қазір 23-і ғана қалды. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, жайылым жоқ. Екіншіден, жем-шөп қымбат. 

Назымбек Құдабаев, шаруа:

- Базды салған кезде бізде жайылым көп болатын. Енді қазір егін базға міне, 200 метрдей ғана келіп тұр. Жуырда өзім сатып әкелдім. 4-5 айлық бұзаулар ғой, енді торпаққа өткен жоқ. 250-270 мыңнан әкелдім. Бұдан екі жыл бұрын бұл торпақтарды 150-ге дейін алатынбыз. Қазір енді қымбаттады. Қазір міне, бір айлық бұзауларға да жоқ дегенде 100-150 мың теңге ақша сұрайды. Одан көп болмаса.

«Малдың азаюына тағы 2023-інші жылы болған қуаңшылық пен қытымыр қыс әсер етті», - дейді ауыл тұрғындары. Қазір нарықта сиыр етінің бағасы шарықтап тұр. Келісі 4500 мың теңгеге дейін барады.  

Любовь Зайцева, қала тұрғыны:

- Баға қатты қымбаттап кетті. Сиыр етін айына бір-ақ рет алатын болдық. Оның орнына тауық етін пісіріп жейміз. Болмаса, ірі қараның мойын, омыртқа етін қараймын.

Нарықтағы жағдайды кәсіпкерлер де растап отыр. Олардың айтуынша, қазір ауыл тұрғындары қолындағы малын тірідей Өзбекстанға өткізіп жатыр. Сондықтан сиыр еті жылқынікінен де қымбаттап кеткен. 

Жанар Мұсайбекова, кәсіпкер:

- Қазір сиырдың еті мына нарыққа келмейді. Өйткені ауылдық жерлерде ол жоқ. Өзбекстанға көктемде алып шыққан. Сол себепті өзімізде болмай жатыр.

Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, облыс бойынша сиыр етінің жылдың сұранысы 10,5 мың тоннаны құрайды. Оны қазіргі таңдағы мал саны мен өндіріс көлемі толық қамтамасыз етеді. 

Дәурен Тоққожынов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Осы жылдың 8 айы ішінде өңірде 52 мың тонна ет өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға көп. Оның 19 мың тоннасы сиыр еті. Бұл нарық сұранысын толық жабады.

Өңірде 300 мыңға жуық ірі қара малы бар. Оның басым бөлігі шаруашылықтардың еншісінде. «Сондықтан нарықтағы жағдайды нарықтың өзі реттейді», - дейді мамандар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков