Атырау облысында жаңа шаруашылық құрылмақ

  • 7
  • 18.09.2025, 19:45

Балық фермасы жылына 85 тонна балық еті мен 15 млн дана бағалы бекіре балығының шабағын шығаруға қауқарлы. Бұл ауданда инвестициялық жобалар негізінде қолға алынған алғашқы кәсіпорын. 

Жайық өзені жағасына орын тепкен болашақ балық фермасының құрылысы қазір 80 пайызға аяқтала келді. Фермада жылына 85 тонна  сибас балығы мен 15 млн дана бағалы бекіре тұқмыдастар өсірілетін болады. Бұл аудандар ішінде балықты қолдан өсіруді қолға алған алғашқы шаруашылық. Голландық технологияға негізделген кәсіпорын толықтай автоматтандырылған. «Жасанды интеллектіге негізделген жүйе өндіріске де, өнім көлеміне де пайдалы», - дейді мамандар. 

Мұса Сұлтанғалиев, шаруашылық жетекшісі:

- Бұл соңғы технология. Мына жерде шабақтар өседі. Осыны біз жасанды интеллектіні қондырайын деп жатырмыз. Себебі балықтың жағдайын мониторинг жасауға қолайлы. Жағдайы қалай, аш па, тоқ па, соны экраннан бақылап отырамыз. 

Ауданда жүзеге асқан инвестициялық жобалардан тұрғындарға тұрақты жұмыс орындары ашыла бастады. Бұл бірыңғай ауылшаруашылығымен айналысатын аудан үшін үлкен жетістік. Қазір іске қослыған 4 жобаға 100-ге тарта адам тартылған. 

Қасымхан Ұзақбайұлы, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Біздің ауданда тағы да бірнеше инвестициялық жобалар іске асып жатыр. Ол құс фабрикасы және де жылыжай комплексі. Қазіргі уақытта 20 адам қамтылып отырса, болашақта олар 4 гектардан 16 га-ға үлкейгенде 60 адамды жұмыспен қамтимыз деп отыр 

Былтыр 2024-2029 жылдарға арналған ұлттық инвестициялық жобалар пулы аясында өңірде 35 ірі жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Жобалардан 4 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 8 жоба ауылшаруашылығы саласына қатысты. 

Арыстанбек Кенже