Ахмет Байтұрсынұлының суреті табылды

  • 8
  • 18.09.2025, 19:48

Ғалымдар 2025 жылдың 9-13 қыркүйек күндері Татарстан астанасы Қазан қаласының кітапхана, музей қорларында ізденіс жұмысын жүргізеді. Осы сапар барысында Қайырбек Кемеңгердің көзіне Ахаңның бейнесі оттай басылады. Бұл суреттің құпиясы неде? 

Қазақстандық ғалымдар Татарстандағы музейді аралау кезінде 2-қабатта шынының астында тұрған ескі суретке көздері түседі. Ол Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі. Бірақ ол жерде Ахаңның есімі жазылмапты. Тек татар зиялысы Мұхаммед Идрисовтың аты-жөні көрсетілген. Әйтсе де, біздің ғалымдар ұлт ұстазын бірден таныған.

Қайырбек Кемеңгер, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

- Біз бірден Ахмет Байтұрсынұлын танисыздар ма, Ахаң отыр ғой ортада деп қуанып кеттік, суретке түсіруге рұқсат па деп. Кейін ол кісілер ресми хат керек деп, рұқсат керек деп бергісі келмеді, бірақ оның барлығын алдық. Ахмет Байтұрсынұлының суретінің түпнұсқасы флэшкамызға Ұлттық музейдің қорынан көшіріліп алынды. 

Қасиетті Торғай топырағында туып-өскен Ахаң Қостанай, Омбы, Қарқаралы, Семей, Уфа сияқты біраз қалаларда болғандығы мәлім. Бірақ өмір жолында Қазан қаласы көрсетілмейді. Сөйтсек ол 1927 жылдың күзінде татар зиялыларымен бірлесіп, араб алфавитін реформалау жөніндегі комиссияның мүшесі болған. Оның жұмысы жергілікті «Мағрифат» журналының 1927 жылғы 12-нші санында жарияланған. «Әлбетте, тарихи құжатта Идрисовтың аты көбірек кездеседі. Дегенмен түпнұсқа суреттен Ахмет Байтұрсынұлының беделін анық байқауға болады», - дейді ғалымдар.

Қайырбек Кемеңгер, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

- Дәл осы суретте Ахаң 22 адам болып отыр. Ахаң төрде, зиялылыардың ортасында және біздің тануымыз бойынша жалғыз қазақ Ахмет Байтұрсынұлы сияқты. Зерттеушілер үшін өте құнды болады деп есептейміз. Киім киісі, үстіне киген пальтосы, қос түймелі белдігі, галстугі, өзінің көзқарасы, мұның барлығы бізге көп жайдан мағлұмат береді. Әлі де зерттей түсуіміз керек.

Әрине, Ахмет Байтұрсынұлы Қазан сапарында тағы кімдермен жолықты, осының бәрін терең зерттеу алдағы күннің еншісі болмақ. Енді Ахаңның жаңа бейнесі, соны болмысы ашылады деп сенеміз.

Құралай Жұмахан, Қайрат Ақтөреев