Алматы облысында инклюзивті мектеп ашу мәселесіне қатысты дау туындады

  • 9
  • 18.09.2025, 19:43

Алматы облысында инклюзивті мектеп салған азамат пен көршілерінің арасында дау туды. Әлеуметтік бастама авторы: «мұқтаж жандарға көмектессем», - дейді. Алайда тұрғындар білім ошағы ашылса, маңайда көлік көбейіп, тынышымыз кетеді деп отыр.                 

Нұрым Нұрғалиев ерекше баланың әкесі. Ол 3 жылдан бері әлеуметтік салада еңбек етіп келеді. 20 жылдық тәржірибесі бар ұстаз тағдыры ауыр балаларға арнап Алматыдан екі инклюзивті мектеп ашып, 200 балаға білім беріп отыр. Енді облыстағы ата-аналардың сұранысы бойынша Қарасай ауданындағы Қырғауылды ауылында да оқушы қабылдамақшы болған. Дегенмен Наурыз көшесінің тұрғындары қарсы екен.    

Нұрым Нұрғалиев, «Республикалық балалар инклюзивті академиясы» ҚБ төрағасы:

- Бізде мектеп-интернат жоқ. Шағым қалдырған кейбір азаматтар қате түсінген болуы мүмкін. Бізде балалар тек 9:00-ден 18:00-ге дейін оқиды, ал көпшілігі, яғни 80 пайыз бала, жеке сабақ кестесі бойынша келеді. Олар күніне тек екі сағат бойы логопед, дефектолог, психолог, АФК мамандарының дәрістеріне қатысады. Сондықтан, төрт потокқа бөліну арқылы ешқандай кептеліс болмайды, балалар рет-ретімен келеді.

Жадыра Тазабектің егіздері қазір Нұрым Нұрғалиевтың инклюзивті бастауыш мектебінде оқиды. Бір жылдан кейін ортаншы сыныпқа ауысу керек. Әзірге бұл мәселенің шешілетін түрі жоқ. «Ал балаларды алысқа тасу оңай емес», - дейді.

Жадыра Тазабек, ата-ана:

- Көршілердің кейбірі кептеліс болуы мүмкін деп алаңдағаны түсінікті. Бірақ біз балаларды алып келіп, тек тастап кетеміз, және бұл процесс 5-10 минуттан аспайды, яғни қақпа алдындағы көлік тұрағы өте қысқа уақытқа ғана толады. Қалған уақытта кептеліс болмайды, біз мұны байқамадық та. Сондықтан бұл мәселені проблема деп санаймын. 

Балалар инклюзивті академиясының жұмыс істеуіне қарсылық білдіріп, құзырлы органдарға арыз түсірген көршілер біздің арнаға сұхбат беруден бас тартты. Ал Нұрым Нұрғалиев осы жағдайға байланысты жергілікті әкімдікке барып көмек сұраған. Алайда Райымбек ауылдық округінің әкімдігі: «жер телімінің мақсаты мектеп ашуға сай келмейді», - дейді. 

Қуаныш Қожахметов, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Мақсаттық бағытты өзгерту үшін Бас жоспарды өзгерту қажет. Ал Бас жоспарды өзгерту үшін айтарлықтай қаражат қажет, себебі бұл бүкіл аумақтың қайта өзгертуін талап етеді. Сондықтан, біз Бас жоспарды ауыстырмай мақсаттық бағытты өзгерту мүмкін емес. Ал сол адамның үйіне қатысты мақсаттық бағыт – жеке тұрғын үй құрылысы (ИЖС) болып табылады.

 5-9 сыныпты қамтитын инклюзивті академия 120 балаға арналған. Мұнда ерекше балаларға білім беріп, оңалтуға да жағдай бар. Дегенмен әлеуметтік жоба әзірге тоқтап тұр. Әкімдік қызметкерлері: «кез келген кәсіпті бастамай тұрып құзырлы органдардан немесе консалтингтік компаниялардан ақыл-кеңес алған жөн», - дейді.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Айдос Қалиев