Қазақстанда алғаш рет сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді

  • 8
  • 18.09.2025, 19:52

Енді біреуді аңду, үнемі қоңырау шалу, интернет арқылы бақылау сияқты әрекеттер заңмен қудаланады. «Бұл өзгеріс азаматтардың жеке өмірін қорғауға, әсіресе әйелдер мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған», - дейді мамандар. 

35 жастағы азаматша бұрынғы күйеуінің аңдуынан құтылу үшін Талдықорғаннан Астанаға қоныс аударған. Алайда оның айтуынша, сталкинг әрекеттері әлі де жалғасуда. Қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамауды, түрін көрсетпеуді сұрады. 

Мадина, сталкинг құрбаны:

- Осы қаладан да мені тауып алды. Қайда жұмыс істейтінімді де біледі. Үйімнің қасында аңдып, нөмірімді де ауыстырдым, болмады. Сонда да аңдып жүр мені. Жауапты органдарға өтінішті жазғанда, олар ұрып-соқпаса, тиіспесе, ештеңе жасай алмаймыз деген сияқты жауаптар берді. Өз өмірім үшін өте қорқамын. Меніңше, ол қауіпті адам. Менде қорқыныш пайда болды. Көше бойынша келе жатқанда алды-артыма қарап, қорқынышпен жүрем. 

Бас прокуратураның дерегінше, жыл басынан бері сталкинг салдарынан 83 әйел қаза тауып, 159 әйел өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған. Жаңа заң осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Әр адамның жеке өміріне құрметпен қарауды талап етіп, психологиялық зорлық пен қудалауға тосқауыл қоятын уақыт жетті.  

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары: 

- Бұл іс-әрекет үшін заңда 115-1 прим. 2 бабы бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Диана Қадыр, тілші:

- Егер киберсталкинг орын алса, ең алдымен, бөгде адамды бұғаттау керек. Одан кейін барлық дәлелдерді — скриншот, фото, аудио немесе видео түрінде жинап, полицияға арыз жазыңыз. Мұндай шағым міндетті түрде қабылданады. Әрі қарай тергеу мен тексеру жұмыстарын құқық қорғау органдары жүргізеді.

Заңгердің айтуынша, сталкингтің құрбаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да болуы мүмкін. Олар әлеуметтік желі арқылы жеке мәліметтерін жинап, ЖСН нөмірін анықтап және оны банктік құпиялылық саясатын білу үшін пайдаланса жауапкершілікке тартылады деп отыр. 

Айгерім Құсайынқызы, Maqsut Narikbayev University оқытушысы, заңгер:

- Бірінші рет болса, айыппұл болуы мүмкін. Бір жылда қайталаған жағдайда ол басқа жазамен де қарастырылуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің денсаулыққа зиян келтіру және өзге де баптармен қаралады.

Психолог маман сталкинг жасайтындардың әрекетін әлеуметтік ауру деп бағалайды.

Ерлан Мұстафин, психолог:

- Сталкингтың интеллектуалды қабілеттеріне көбінде байланыс жоқ. Өзінен жасы немесе әлеуметтік деңгейі, оның арасында физикалық мүмкіндіктері төменірек адамдардың ізін кесу, олардың соңынан жүру, олардың ойы бойынша өздерінің бір қанағаттанбаудың орнын сол арқылы толтырады. Оны әлеуметтік дезадаптация дейді. Әлеуметке қайшы келетін әрекет ретінде оны түсінбейді. 

Халықаралық тәжірибеге қарасақ, АҚШ пен Ұлыбританияда сталкингке қатаң түрме жазасы енгізілгеннен кейін қылмыс айтарлықтай азайған. «Мұндай оң өзгеріс енді біздің елімізде де байқалса игі», - дейді мамандар. 

Диана Қадыр, Руслан Тәуірше, Аян Сәрсенбаев